Хабар телеарнасы

Үлкен Алматы өзенінің экологиялық жағдайы мүшкіл

Экобелсенділер осылай дабыл қағуда. Өзеннің Алматы облысы, Боралдай кенті маңынан өтетін сағасына құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық қоқыстар төгіліп, өзен арнасы тарылуда. Ең сорақысы – су қорғау аймағына жататын жер жекенің қолына өтіп кеткен.

Бастауын тау мұздықтарынан алатын Үлкен Алматы өзенінің ұзындығы 96 шақырым. Қаладағы ірі үш өзеннің бірі Боралдай кентін де басып өтеді. «Айналасы нулы тал, үйрегі мен қырғауылы үзілмеген өзеннің қазір экологиялық жағдайы күрделі», - дейді табиғат жанашырлары. Топырақ көтеріліп, ауаны ластағанынан бөлек, өзен жағасына қоқыс пен құрылыс қалдықтары төгілуде.

Владимир Алалыкин, Боралдай ауылының тұрғыны:

- Бұл жағдай 5 жылдан бері жалғасып келеді. Қоршаудан ештеңе көрінбейді, бірақ өзен жағасына қоқыс тастап, тығыздап топырақ төгіп жатыр. Жыл басынан бері бұл әрекет белсенді жүруде. Бұл табиғатты қолдан өлтіру.

Елена Шереметьева, Боралдай ауылының тұрғыны:

- Экодағдарыс деген осы. Бала кезімізде осы Алматы өзеніне шомылатынбыз, суы мөп-мөлдір, таза еді. Енді міне, уақыт өткен сайын көз алдымызда жоғалып барады. Айналасындағы талдар қурап, тіпті өзен жағасына қоқыс төгіп, арнасын тарылтуда. Біз осы заңсыздықты тоқтатуын сұраймыз.

Экобелсенді Василиса Қуанышеваның айтуынша, бұл аумақ 2012 жылы жекеменшікке өткен. Алғашында меншік иесі жердің мақсатты қолданылуы саябақ деп көрсеткенімен, кейіннен өндірістік кешен салуды көздепті.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше қоршалған аумақтың көлемі 3,5 гектар. Қазір мұнда кіруге рұқсат жоқ. Меншік иесі құрылыс аумағының мақсатты нысанын көрсетпеген. Су қорғау аймағын сақтамай, заңсыздыққа жол берілген нысанға бірнеше рет жоспарлы тексерулер жүргізіліп, айыппұл салынғанымен, меншік иесі тарапынан ешқандай нәтиже болмаған.

Айбек Шегіров, Боралдай ауылы әкімі аппаратының бас маманы:
- Жергілікті атқарушы орган ретінде полиция қызметімен бірлесіп, топырақ қоқыс әкеліп төгіп жүрген жүк көліктерінің жүргізушілерін жауапқа тарттық. Әкімшілік Кодекстің 505- бабы бойынша айыппұлдар салынды. Кезекшілік қойып, көліктерді кері қайтардық. Алайда олар түнделетіп келіп, төгетін болды.

Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек Іле ауданына келіп, жағдаймен танысты. Халық қалаулысы өткір мәселе бойынша құзырлы органдарға депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді.

Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев