Хабар телеарнасы

2 шілде – қазақстандық дипломаттардың кәсіби мерекесі

Бүгін қазақстандық дипломаттар кәсіби мерекелерін атап өтуде. 1992 жылы 2-шілдеде Сыртқы істер министрлігі туралы, Қазақстанның елшілігі және елшілердің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы ереже бекітілген еді. Сол кезден бері олар мемлекетіміздің имиджін нығайтып, сыртқы байланысты дамытып, даулы мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Соның нәтижесінде бүгінде Қазақстан 186 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, ертең Шанхай ынтымақтастық ұйымының басшыларын қабылдайды. Мұндай табыстың астарында әрине, дипломаттарымыздың ерен еңбегі жатыр.

- Қазақстан 9-шы территория дейміз ғой. Ол үлкен дипломатиямен келген.

Жеріміздің кең, аумағымыздың тұтас және тыныш болуына қызмет еткен тұлғалар көп. Соның бірі - тап осы дипломаттар. Тарихшыларымыз олардың қызметіне осылай баға береді. Бұл қызмет қашан пайда болды деген сауалдың жауабын тасқа қашалған таңбалардан іздеу керек,- дейді мамандар. Елдер арасындағы қарым-қатынас, сауда-саттық өзге де байланыстар дипломаттар арқылы қалыптасып отырған. Қазақ сол үшін де елдестірмек елшіден,- дейді.

Марат Әбсемет, тарих ғылымдарының докторы:

- Қазақ хандығында Шейбани ұрпақтарымен келіссөз жүргізгендігі жөнінде көп мәліметтер бар. Одан кейін Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы дейміз ғой. Ол жай жолдар емес, дипломатиялық жолдар.  Ең бірінші дипломаттар Қазыбек би, Төле би, Әтеке билерді айтуға болады. Алашорда кезінде Райымжан Марсеков деген дипломатымыз болды Жапонияға дейін барған. Құжаттар сақталған.

ХХ ғасырда Қазақстанмен қоса, тұтас Кеңес одағының елшісі Нәзір Төреқұлов болды. Ол 36 жасында елші атанып, мемлекеттер арасында қарым-қатынас орнатқан нар тұлға. 8 тіл білген. 8 жыл Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы елшісі қызметін атқарған. Бүгінде оның ұрпағы дипломатиялық қызметте ата жолын жалғап келеді. 

Мадияр Исмайыл, ҚР Сауд Арабиясы корольдігіндегі елшілігінің екінші хатшысы, Н.Төреқұловтың ұрпағы:

- Кеңес үкіметінің өкілдігі тек қана осы Араб түбегінде болғаннан кейін, ол кезде, 20-жылдары Йемен деген ел өте күшті ел болып тұрды. Сондықтан Африка, Солтүстік Африка, Алжир, Египет, Тунис сынды араб елдері бар. Олармен де байланысы күшті болған. 

Міне осындай тұлғалардың жолымен Қазақстанда дипломатиялық мектеп қалыптасты. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі құрылып, дипломатия қызметі үшін айқын және нақты бағдарлар белгіленді. Сол жұмыстың басы-қасында болғандардың бірі - Болат Сәрсенбаев. Ардагер дипломатиялық қызметтегі 23 жыл ішінде Иордания Ирак, Сирия, Ливан, Палестина, Үндістан және Шри-Ланка елшіліктерін басқарыпты. Еліміздің шекарасын белгілеу ісінің бастауында да болыпты. 

Болат Сәрсенбаев, дипломатиялық қызмет ардагері:

- Каспийді теңіз немесе көл ретінде бөлеміз бе деген сұрақ туындады. Екі жағдайда екі түрлі құқық қолданылады. Егер оны көл сияқты бөлсе, онда Қазақстан Каспий теңізінің шамамен 20 пайызын ғана алатын еді. Біз оны теңіз сияқты бөлуге келісім жасай білдік. Сол арқылы теңіздің 30% Қазақстан үлесіне алынды. Дипломатиядағы нақты бір жетістігіміз ретінде осыны айтар едім

Міне осыдан кейін көрші мемлекеттермен шекараға қатысты сұраққа нүкте қойылды. Қазір Қазақстан әлемнің 186 мемлекетімен дипломатиялық қатынас орнатқан. Біріккен ұлттар ұйымы, өзге де белді халықаралық бірлестіктердің толыққанды мүшесі. Қазақстанға әлемнің 100-ден астам елінен инвестиция тартылған. Ал азаматтарымыз визасыз баруға болатын елдер қатары 70-тен асыпты. Мұның бәрі - дипломаттардың еңбегі.

Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов, Әлібек Әлиев.