Хабар телеарнасы

Кәсіби мереке күні 100-ге жуық ақтөбелік ұстаз марапатталды

Облыс басшысы ерен еңбегімен ұрпаққа өнеге болып, ұлт мақтанышына айналған педагогтарға «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін табыстады. Салтанатты іс-шараға облыстың түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған ардагер ұстаздар мен жас мамандар қатысты.

Қайсар Құлымов облыстағы мамандандырылған физика-математика лицей-интернатының мұғалімі. Шәкірттерін қазақ тілінің құрылым-құдіретімен таныстырып, ұлттық әдебиеттің жауһарларымен сусындатып жүргеніне 30 жылдан асқан. Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.

Қайсар Құлымов, облыстық мамандандырылған физика-математика лицей-интернатының мұғалімі:

- Бүгінгі күні оқушыларға қаншама тәлім-тәрбие беріп, саналы ұрпақ өсіріп, олардың өлшеусіз еңбек етіп жатқандығы барлығымызға мәлім. Мен бүгінгі осы ұстаздар мерекесінде барлық әріптестеріме еңбек жолындағы жақсы нәтижелерге қол жеткізуіне өз тілектестігімді білдіремін.

Ақтөбе облысында 433 мектеп бар. Білім мен тәрбиенің тал бесігіне айналған оқу ордаларында 26 мыңға жуық ұстаз еңбек етеді. Облыс басшысы педагог мәртебесін мерейлі ету мақсатында өңірде барлық жағдай жасалып жатқандығын жеткізді. Мәселен, қазірдің өзінде ондаған жаңа ғимарат салынып, қажетті материалдық-техникалық жарақтармен қамтамасыз етіліп жатыр.

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

- Жалпы Ақтөбе облысында да бірқатар жұмыстарды атқарып келеміз. Президент бастамасымен мына «Жайлы мектеп», жалпы мына үшауысымдық және апатты жағдайдағы мектептерді толықтай жою мәселесі. Біз енді келер жылы, биыл біраз мектептерді тапсырамыз. Жалпы 14 мектеп тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Мерекелік іс-шарада мәртебелі мамандықтың үздіктері «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, ал білім беру саласында 40 жылдан астам тер төккен аға буын «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ дәстүрлі «Облыстың үздік ұстазы» және «Құрметті ұстазы» байқаулары жеңімпаздарының есімдері жария етілді.

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов