Хабар телеарнасы

Алматыда толассыз жауған жаңбыр тұрғындарды әбігерге салды

Алматыда нөсерден соң автокөлік жүретін жерасты тоннелі мен арықтар лезде суға толып, тұрғындарды әбігерге салып жатыр. Соңғы 10 күннен бері жауған жауын-шашын мөлшері орташа айлық нормадан едәуір асып кетті. Мәселен, жарты сағатта жауған жаңбырдан кейін шаһардағы автокөлік тоннелі осылай суға толып қалған. Жаңбыр суы жаяу жүргіншілер өткеліне дейін жеткен. Мұндай көріністі қаланың кез-келген жерінен көруге болады. Арықтар тасып, жүргіншілер суды кешіп өтуге мәжбүр. Бірақ «Қазгидромет» өкілдерінің айтуынша шілде айының жаңбырлы болуын бұрын-соңды болмаған құбылыс деп айтуға келмейді. Өйткені қала таулы өңірде орналасқандықтан өңірге тән жайт. Бұл жауын-шашынның ерекшелігі - оның жиілігінде, яғни бірден қатты жауғанында болып тұр.

Дәулет Кисебаев, «Қазгидромет» РМК Алматы филиалының бөлім басшысы:
-Алматы үшін қалыпты жағдай. Қала тау етегінде тұрғандықтан фронтальды бөліктердің әсерінен мамырдан бастап, шілдеге дейін күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жиі жауады. Найзағай соғады. Жел соғып, бұршақ жаууы мүмкін. Былтырғы жазда жауын-шашын аз болды. Ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтерілген. Ал биылғы жазымыз жаңбырлы болып тұр.

Осы жылы көшені қысқы және жазғы тазалау жұмыстарына 12,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Коммуналдық салаға жауаптылар бұл қаржы жеткілікті деп отыр. Қала әкімдігі ауа райына қатысты ескертпелерге сай кезекшілік қойып, жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын айтты.