Хабар телеарнасы

Астананың мектепке дейінгі ұйымдары ваучерлік қаржыландыруға көшіріледі

Астананың мектепке дейінгі ұйымдары да келер жылдан бастап ваучерлік қаржыландыруға көшіріледі. Яғни тәрбиелеу мен оқытуға мемлекет есебінен берілетін қаржы енді балабақшаға емес, баланың «lNDIGO» қосымшасындағы есепшотына түседі. Ваучер берілгеннен кейін оның ата-анасына хабарлама келеді. Сол хабарламаның негізінде ата-ана таңдау жасай алады. Ваучер баланың әлеуметтік мәртебесі мен жасына қарай құрылған 18 санат бойынша бөлінеді. Демек ваучерлік қаржыландыру мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекені арттырып, олардың сапалы жұмыс істеуіне сеп болмақ. 

Манара Адамова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры:

- Жаңаша көзқарас механизмімен ашықтықты қамтамасыз ету, қаражаттың мақсатты жұмсалуын, кезектегі бірнешеуіне қаражаттың берілмеуін, жалғандықтың болмауын, осы мәселелердің барлығын жолдарын кесу үшін осы механизм қазір таңдалып отыр.

Бұл жоба пилоттық режимде Тараз, Түркістан, Шымкент және Орал қалаларында сәтті жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн. Ваучерлік қаржыландыру енгізілгелі бері кейбір аймақтарда тіпті кезекте тұрған бала қалмаған. Ал Шымкентте 73 мыңнан астам балаға ваучер берілген. Енді 7 мыңы кезекте тұр.