Хабар телеарнасы

Электр станцияларының тозуы 60%-ке жеткен

Президент айтқан маңызды тапсырманың бірі – азаматтарды электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету. Елімізде қазір оның тапшылығы жылына шамамен 2 млрд кВт сағат болады. Жетпеген қуат көлемін сырттан сатып аламыз. Бұл қалыпты жағдай. Алайда біздің тұтыну көлеміміз артып келеді. 2022 жылдан бері өсім – 2%. Бұл бір жағынан халық санының артуы және өнеркәсіптің дамуымен де байланысты. «Сұраныс енді үнемі артады. Сондықтан мәселеге тереңінен қарау қажет», - дейді сарапшылар. Тағы бір түйіткіл – электр станцияларының тозуы 60%-ке жеткен.

Дамир Нарынбаев, KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры:

- Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін саланы дамытудың 2035 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары қабылданған. Сол арқылы шамамен 26 ГВт жиынтық қуат алу көзделуде. Істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту, газ құбырлы қондырғылар, жел мен күн энергиясы, тағы басқа жаңа нысандар салынатын болады.