Жол ережесін бұзатындарды бақылау қатаңдатылады
Елімізде жол ережесін бұзатындарды бақылау қатаңдатылады. Енді полиция көліктеріндегідей камералар, қаладағы автобус пен жедел жәрдемге де орнатылуы мүмкін. Ол құрылғылар жол ережелерін бұзу фактісін автоматты түрде тіркейді. Бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі осындай ұсыныс айтты. Ал мас күйінде автокөлікті тізгіндегендерге 7 жылға дейін куәлік алуға тыйым салынады. Жылдамдықты жақсы көретіндерге де жаза күшейтіледі.
Жолдағы қауіпсіздік. Тақырыптың өзектілігін келесі сандар анық аңғартады. Елімізде жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мың адам жарақат алады. Апаттардың басым бөлігі Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларында тіркелген. Егер бақылауды күшейтпесе жағдай тіпті ушығуы мүмкін. Тәртіп бұзатын жүргізушілерден бөлек биылдың өзінде мас күйінде көлік тізгіндеген 12 мың адам ұсталған.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Тәжірибе көрсеткендей, мұндай тәртіп бұзатындарға өте қатаң шаралар қолданылуы қажет. Сондықтан осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу тәсілдерін қайтадан қарау қажет деп санаймын. Біздің басты міндетіміз – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, авариялар мен өлім-жітімді азайту. Ол үшін жүйелі іс-шараларды әзірлеу керек.
Бұған қатысты мас күйінде автокөлікті басқарған тұлғаларға 7 жылға дейін куәлік алуға тыйым салу ұсынылды. Сондай-ақ халықаралық тәжірибеге сәйкес жүргізушілерді дайындау талаптары қайта қаралатын болыпты. Ішкі істер министрлігі автомектептерді есепке алып, түлектердің қатысуымен болған апаттар рейтингін жасауға ниетті. Ведомствоның жоспарында жол ережелерін бұзу фактілерін тіркейтін жүйелерді қоғамдық көлікке, жедел жәрдем тіпті мемлекеттік автокөліктерге орнату да бар.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
-Елімізде осындай құрылғылар өндіретін кәсіпорын ашылды. Бұл жұмыс, біріншіден, жүргізу мәдениетін арттыруға, екіншіден, жазаның бұлтартпаушылық принципін қамтамасыз етуге, үшіншіден, жолда бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Жылдамдықты жақсы көретіндер үшін де жаза күшейтіледі. Ол міндетті цифрлық жүйелер арқылы шешуге болады.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Мысалы, Астана-Бурабай жолында көліктердің орташы жылдамдығы 140 км болғанына қарамастан 200 км жүріп өткен көліктер анықталған. Жыл соңына дейін 5400 шақырым жолдарда орташа жылдамдықты анықтайтын камералар іске қосылады.
Қара жолдағы апаттар үшін тек жүргізушілерді кінәлауға болмайды. Олай дейтініміз еліміздегі республикалық жолдардың 3% ғана қауіпсіздік талаптарына сай екен. Ауыр жол апаттары да сол себепті орын алады. Бұл арнайы өткізілген аудиттің қорытындысы.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Шілдеде Қарағанды облысы «Алматы-Екатеринбург» трассасының жөнделіп жатқан учаскесінде 2 апта ішінде 3 жол көлік оқиғасы болды. Онда 9 адам қаза тауып, 14 жарақат алды. Ақтөбе облысында бір шұңқырдың кесірінен 2 жол апаты болды, 4 адам зардап шегіп, 1-і қаза тапты. Мұндай фактілер әр аймақта бар.
Осыған байланысты әкімдер мен жол жөндеуге жауапты мекемелерге 24 мыңнан астам нұсқама жолданған. Алайда оның орындалуы мәз емес дейді мамандар. Сондықтан да апаттар саны азаймай тұр. Жүріс жайлы және қауіпсіз болуы үшін 4 және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан астам жол салу қажет екен. Айтпақшы мопед тізгіндейтіндерге қатысты арнайы заң дайындалып, Парламенттің қарауына жіберіліпті. Соңғы кезде олардың қатысуымен 27 адам қаза болған. Сондықтан қос дөңгелекті көліктер қозғалысын реттеу қажеттігі туындауда.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков