Алматы облысындағы «Нарынқол – Кеген» автожолын жөндеу басталды
Қос ауданның орталығын байланыстыратын 89 шақырымдық жолдың сын көтермейтін күйге түскеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Жүргізушілер, тіпті үкіметтегілерге наразылық білдіріп, аталған жол бөлігін жауып тастап та көрді. Жергілікті тұрғындардың жанайқайы жоғарыдағылардың құлағына жетті ме, биыл қажетті қаржы бөлініп, жолға асфальт төселе бастады.
Республикалық маңызы бар «Нарынқол – Кеген» автожолына күрделі жөндеу жүргізілмегеніне жарты ғасырдай уақыт өтті. Жергілікті тұрғындар 89 шақырымдық жол бөлігін жүріп өту үшін 2 сағаттай уақытын жоғалтатын. Өйткені ауыр жүк көліктері жолдың астын үстіне шығарған. Ұңқыр-шұңқыры көп.
Нұрғали Халиолла, жол жөндеуші маман:
-Асфальт салып жатырмыз. Астыңғы бөлік 6 сантиметр, жоғарғы бөлігі 5 сантиметр. Қазіргі уақытта сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басталу мерзімі қараша айында берілген. Аяқталу мерзімі 2024, қыркүйек.
Ғани Мырзаханов, «Қазавтожол» АҚ ҰК Алматы облыстық филиалының басшысы:
-Бұл жолдар кезінде 60-70 жылдары салынған жолдар. Сол кезден бері күрделі жөндеуден өтпеген. Ылғи орташа жөндеумен келе жатыр. Сол жолдарға биыл осы 300 шақырым жолдың 130 шақырымына орташа жөндеуге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда осы конкурстар болып жатыр.
Текестен Кеген ауылына дейінгі жол бөлігін жөндеу жұмыстары алдағы жылы қайта қолға алынады. Сонымен қатар биыл «Ақсай – Шонжы – Қалжат», «Көкпек – Кеген – Түп» автожолдары орташа жөнделіп жатыр. Тас жолдардың сапасын мемлекеттік мекемелермен қатар, жергілікті тұрғындар да қадағалауда.
Ерлік Мамаев, Нарынқол ауылының тұрғыны:
-Талай жыл болды, міне, осы шұңқыр жолмен қатынап жүргенімізге Алматыға. Таможняға дейін капитальный ремонтқа кіру керек еді. Бірақ средний ремонтпен жасалып жатыр. Асфальтының сапасы жақсы. Басы-қасында жүрміз.
Алматы облысының Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандары аумағын басып өтетін республикалық автожолдардың құрылысына биыл 34,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы алдағы екі жылда толық игерілуі тиіс.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов