Хабар телеарнасы

Үкімет басшысы Жетісу облысындағы бірқатар нысанды аралады

Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты тауар айналымы былтыр 30% артып, 31,5 млрд долларға жетті. «Достық-Мойынты» теміржол құрылысының екінші жолы аяқталса, тауар тасымалы 5 есеге артып, тәулігіне 60 жүк пойызы өтетін болады. Бұл Жетісу облысының дамуына да зор ықпалын тигізеді. Бүгін осы өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы бірқатар нысанды аралап көрді.

Аймақ экономикасының 7% көлік-логистика саласы құрайды. Бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштерге қарасақ, өңірде автокөлікпен жүк тасымалдау жыл басында 55,7% болса, 6 айда 101,1% жеткен. Облыста 554 өнеркәсіп орны бар. 58 инвестициялық жоба қолға алынған. Жыл басынан бері 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Айта кетейік, Талдықорғаннан Үшаралға қарай газ магистралі тартыла бастады. Газ құбырының ұзындығы 302 шақырым. Құрылыс алдағы екі жылға жоспарланған. Бірақ сала басшылары оны мерзімінен бұрын келесі жылдың соңында бітіреміз деп есеп берді. Аяқталғанда Ақсу, Сарқан, Алакөл ауданындағы 66 ауылға көгілдір отын жетіп, 120 мыңнан аса адам табиғи газ тұтынатын болады.

Санжар Жаркешов, «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

-Қазіргі уақытта Жетісу өңірінің газдандыру деңгейі 47% құрайды. Қосқаннан кейін газдандыру көлемі 90% жетеді. Бұл өте үлкен жетістік. Өйткені осы өңірге 2017 жылы ғана газ келген еді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Әлеуметтік маңызы зор жоба. Сондықтан бәрін уақытылы, сапалы жасау керек.