Елімізде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды. Өңір жаңалықтары
Түркістан облысында өткен түнде қоймадағы шөп өртенді.
Сайрам ауданының Нұржан Қорған ауылында сарай шатыры мен 30 тоннаға жуық нығыздалған шөп жанып кеткен. Қызыл жалын 295 шаршы метр аумақты шарпыды. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында «артемия салина» шаяндары заңсыз ауланған.
Қызылжар ауданында жүк көлігінен 260 қап шаян жұмыртқасы табылды. Тергеу кезінде қоймада тағы 424 қап жәндік бары анықталған. Қылмыстық іс қозғалды.
Шымкентте қыркүйек айынан бастап 11 жастағы 13 мың қызға жатыр мойны обырына қарсы вакцина салынады.
«Себебі осы жаста адам папиломасы вирусына қарсы егілген екпенің иммундық әсері жоғары болады»,- дейді мамандар.
Елімізде жатыр мойнының қатерлі ісігі онкология аурулары арасында екінші орында тұр.
Батыс Қазақстан облысындағы 350 оқушыға оқу құралдары мен киімдер және ноутбуктер табысталды.
170 ноутбук оралдық оқушыларға берілсе, қалғаны табиғи апаттан зардап шеккен Бөрлі, Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарына жіберілмек. Игі істі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар ұйымы ұйымдастырған.