Елімізде мемлекеттік балабақша тапшы
Кейбір қазақстандықтар бала күтіміне байланысты демалыстан шығуға асықпайды. Себебі мемлекеттік балабақша тапшылығы шешілер емес. Бір Астананың өзінде 57 мыңнан астам бала кезекте тұр. Ата-аналары электронды порталды күні-түні аңдып, бос орын таппай әлек. Ал тапшылық қашан шешіледі?
Ұлжан Байтұқаева 2,5 жыл бойы бала күтіміне байланысты демалыста. Жұмысқа шығу үшін қызы Сафияны балабақшаға бере алмай отыр. Үй маңында 3 мемлекеттік балабақша болса да, келіншек бір де біріне іліге алмапты.
Ұлжан Байтұяқова, қала тұрғыны:
- Кезекте 12 мыңыншы болып тұрмыз. Сіз көпбалалы отбасы емессіз, үкіметте жұмыс жасамайсыз деп айтты. Мен сұрадым қалай сонда? Мемлекеттік балабақша кім үшін? Солар үшін бе? Ал біздің бала бала емес пе?
Енді Ұлжан қызын ақылы балабақшаға беруге мәжбүр.
Құны орта есеппен 150 мың теңгеге жетсе де, онда лайықты жағдай жасалмағанына налиды. Себебі кейбір жекеменшік балабақшаның балалар ойнайтын алаңы да жоқ. «Жол бойында орналасқан»,- дейді келіншек.
Лаура Әлеуханова, Астана қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің бас маманы:
- Астана қаласы бойынша 580 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. 68 мыңнан астам баланы қамтып отыр. Оның 100-і мемлекеттік балабақша. 477-сі жекеменшік балабақша. Кезекте тұрған 0 жастан 6 жасқа дейінгі балалар саны бүгінгі таңда 57 мыңнан асады.
Тапшылықты жою үшін 2030 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салынады. Бірақ демография қарқыны жыл сайын артып жатқанын ескерсек, бұл аздық етуі мүмкін. Сондықтан білім басқармасы: «мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жыл сайын 10 мың баланы жекеменшік балабақшаларға орналастырамыз», - дейді.
Дана Әлиева, Самат Оспанов, Қанат Абильдин