Елордалық кәсіпкерлер жалға алған жер учаскелерінен айырылуы мүмкін
«Астанада кәсіпкерлердің құқықтары жаппай бұзылып жатыр», – деп мәлімдеді іскер топ өкілдері. Айтуларынша, 50 кәсіпкер жалға алған жер учаскелерінен айырылуы мүмкін. Олар әділдік іздеп «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Ал құзырлы мекемелер кәсіпкерлердің жерді жалға алу туралы келісімдерін заңсыз деп тапқан.
Лариса Асачьева 20 жылдан бері қорғаушы болып жұмыс істейді. Бірақ мұндай жағдай оның тәжірибесінде алғаш рет.
Лариса Асачьева, қорғаушы:
- Даулы жер учаскесі әкімдік қаулысымен клиентіме 2017 жылы жалға берілді. Әу баста ол қараусыз қалған аумақ еді. Кәсіпкер асфальт төсеп, абаттандырып, бар жағдайды жасады. Енді ол жерді еш негізсіз тартып алмақшы.
Гүлжан Әбілова, «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің мүшесі:
- Қонақүйге кірер жолды алып қойғылары келеді. Ал жанар-жағармай станциясына кірер және шығар жолды жаппақшы. Бұл ойға қонымсыз ғой. Онда мұндай бизнестің керегі не?
Сәулет басқармасы мұндай шешімге келу себебін былай түсіндірді. Жер ресурстарын басқару комитеті былтыр жерді жалға беру тәртібін өзгерткен. Бірақ ол өзгерістер туралы алдын-ала тіс жармапты. Тек жалдау шарты біржақты тәртіппен бұзылатыны туралы хабарлама жіберген. Құзырлы министрліктегі мемлекеттік бақылау мамандары болса, «Біз тек заңның сақталуын қараймыз», – деп ат-тонын ала қашып отыр.
Марат Қаженов, ҚР АШМ Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы:
- Жер ресурстарын басқару комитеті және оның аумақтық департаменттері жер кодексінің нормалары толық сақталуына қадағалау жүргізеді. Ол предприниматель ме, жеке тұлға ма, заңды тұлға ма біз қарамаймыз. Біз тек заңның сақталуына ғана қараймыз.
Ұлттық палатадағы кеңес мүшелері жауапты органдарды сынға алды. Олар: «Жалға беру туралы келісімді қайта қарау керек», – дейді. Прокурорлар да бұл істі тыңғылықты зерттесе деген тілегін айтты.
Дана Әлиева, Бауыржан Ебелеков