Құрылтайда республикалық бюджет жобасы қаралды

  • 0
  • 17.09.2026, 18:34

Қазынада қанша қаражат бар? Бюджетті отбасын асыраушы адамға телитін болсақ, келесі жылы ол 25 трлн теңге табыс тапса, шығыны 30 триллионнан жоғары болмақ. Жаситын жағдай емес, Жалпы ішкі өнімнің өсуі 2029 жылы номиналға шақсақ, 245 триллион теңгеге жетпек. Құрылтайдың қаржы және бюджет комитетінде алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы таныстырылды.

Әлеуметтің әл-ауқаты мен бақуатына басымен жауап беретін Үкімет десек, оның ішінде Ұлттық экономика мен Қаржы министрліктерінің арқалағандары алтынға бергісіз қазір. 37 баптан түзілген заң жобасын Құрылтай депутаттарына таныстырды. Бірден ескертті, бөрікті аспанға атып сүйіншілейтіндей емес, бірақ күйінудің де жөні жоқ. Қысқасы сандар былай:

Келер жылдағы негізгі бюджеттік параметрлерге келсек, 25,4 трлн тг кіріс кіреді деп күтілуде. Ал шығыс бөлігі 30 трлн-нан асады. 4,6 трлн тг тапшылық болмақ. Жылдық инфляция 7,5-9,5 пайыз шамасында болжанса, ЖІӨ-ң өсу қарқыны 5 пайыздан жоғары болады деп күтіледі.

«4,6 трлн теңге тапшылық бар, бірақ тарықпаймыз, дефицитті еңсеру жолдарын ұсынудан жалықпаймыз», - дейді Әмрин мырза. Айталық, салықтық база мен әкімшілендіруді жетілдіру есебінен дербес табысты ұлғайту. 1,6 трлн теңге экономиканың өсімі, 1,1 трлн теңге ҚҚС қайтару сомасының төмендеуі мен 500 млн теңге басқа шаралардан күтілуде. Ал бюджеттің шығыс бөлігіне келейік. Енді түйе сұрасаң, бие береді деген қағида жүрмейді. Айталық, келесі жылға 40 трлн-ға жуық теңге сұралса, әрбір өтінімді майшаммен қараған Үкімет 30,2 трлн теңгені шынайы деп тапқан. 5 трлн-ның үстіндегі ақша негізсіз мәлімделген екен. Ал 25,5 трлн теңгенің басым бөлігі қай бағытқа жұмсалмақ? 

Абзал Бейсенбекұлы, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Бірінші және ең басым бағыт. Адамға салынатын инвестициялар 2027 жылы адами капиталға 10,5 трлн тг немесе жалпы бюджеттің 35 пайызына жуық қаражаты көзделген. Әлеуметтік саладағы бюджет адамға бағытталған. Яғни оның әлеуметтік қорғалуын, денсаулығын, білімін және даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Әлеуметтік салаға бөлінетін шығыстар 6,9 трлн теңгені құрайды. 

Үш жылға бағдарланған басты қаржы құжаты сыртқы факторларды да ескерген. Мәселен, мұнай бағасы барреліне 70 доллар шамасында бюджетте белгіленді. Ал 34 трлн теңгеге жеткен мемлекеттік қарыздың экономикаға салмағын азайту үшін оның ұдайы 5 пайыз үстінде өсуі керек. Ең игісі мұнайға тәуелділік азайып, өнеркәсіп тұрақты өсім бере бастады. Оның сыртында Президенттің инфрақұрылым мен нақты сеткорға қан жүгіртуі «Үлкен құрылыс» идеясы өз алдына бір фактор.

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

-Аса маңызды объектілер мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн тг және 28-29жж жыл сайын 1,5 трлн тг көлемінде нысаналы трансферт көзделді. 

Бұл көліктік-логистика, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік-инфрақұрылымды жаңғырту ықпал етпек. Нәтижесінде құрылыс саласы келесі жылы 17,3 пайызға өсуі тиіс. Сол секілді сауда 5,7, көлік және қоймалау 10,4, коммуникация 9,2 пайызға өсуі тиіс. Ауылшаруашылығының да дамуы 5 пайыздан жоғары болмақ.

Абзал Бейсенбекұлы, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Бюджеттік инвестициялар тек нысандар салуға бағытталған қаражат емес. Оның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджет кірістері артады. Ең бастысы, миллиондаған азаматтың тұрмыс жағдайы жақсарады. 

Әсілінде бұлай деп айтуға ерте шығар, құрылтайшылар Үкімет өкілдеріне бұған дейін бюджеттің орындалуында олқылықтар болғанын еске салды. Қаржы вице-министрі жаңа заң жобасы дәл сол кем-кетіктер ескеріле отырып әзірленгенін алға тартты.

Берік Дүйсенбай