Пациент жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын онлайн бақылай алады. Жаңа жүйе Шымкент қаласында 4 ай бойы пилоттық режимде сынақтан өтіп, тиімділігін көрсетті. Мамандардың айтуынша, диспетчерге қоңырау шалу азайған. Көмек күткен науқастар да риза.
Шақырту тіркелген сәттен бастап медициналық бригаданың қозғалысы онлайн бақылауға алынды. Осы мақсатта тұрғындарға SMS-хабарлама арқылы арнайы сілтеме жіберіледі. Бұл жедел жәрдем көлігінің нақты қай жерде келе жатқанын және шамамен қашан жететінін көруге мүмкіндік береді. Әзірге бұл қызмет тек бірінші санаттағы шақыртулар үшін қолжетімді.
Малика Оралбекова, қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының фельдшері:
- Бірінші категория, жаңа айтып өткендей, «экстренный» шақыртулар. Яғни 10 минутқа дейін жетуді қажет ететін шақыртулар. Жедел жәрдем мұндай жағдайда 10 минутқа дейін жетуі керек. Оларға жол-көлік оқиғалары, авариялар, ес-түссіз жағдай, құрысулар және асқынулармен өтетін босану жатады. Бірінші санаттағы шақыртуларда бұл халық үшін өте тиімді. Планшет арқылы навигация жасап, картадан барлық ақпаратты біліп, көріп отырады.
Жедел жәрдем бригадалары тәулігіне 2 мыңға жуық шақыртуға шығады. Жаңа жүйе қайта түсетін қоңыраулар ағынын азайтып, диспетчерлердің жұмысын едәуір жеңілдетті. Тұрғындар да цифрлық жүйе арқылы көрсетілген қызметтің сапасын бағалай алады.
Ботакөз Жұмабекова, қала тұрғыны:
- Басым ауырсып, құрысу болды. Бірақ жедел жәрдемге хабарласып, телефонды қойғаннан кейін маған SMS келді. Сол жүйе арқылы жедел жәрдем көлігінің кептелісте немесе бағдаршамда тұрғанын – бәрін бақылап, көріп отырдық. Бәрін көріп отырғаннан кейін ашуланбайсың да, қайта қоңырау шалмайсың, 103-тің де мазасын алмайсың.
Адам өмірін арашалауда әрбір секунд маңызды. Осы мақсатта жедел жәрдем көліктерінің GPS-трекері қаладағы бағдаршамдардың ақылды жүйесіне қосылып, «жасыл дәліз» ашуға мүмкіндік берді. Мамандардың айтуынша, бұл медициналық қызмет машиналарының уақыт жоғалтпай, дер кезінде жетуіне көмектеседі.
Мұхит Кемелов, қалалық цифрландыру басқармасының басшысы:
- GPS-трекерлердің алғашқы деректерін алып, өзіміздің жүйеге енгіздік. Оларға арнайы «ақылды бағдаршамдар» жүйесі арқылы «Жасыл дәліз» ұйымдастырдық. Соның арқасында бүгінде бірінші санаттағы жедел жәрдем шақыртуларының барлығына 5-10 минут аралығында жетіп барамыз.
Жобаны алдағы уақытта барлық шақырту түріне қолдану қарастырылып отыр. Ал бұған дейін медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін фельдшерлерге бейнежетондар беріліп, науқаспен қарым-қатынасы және жұмыс сапасы бақылауға алынды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов