Балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін

  • 0
  • 17.09.2026, 18:44

Әлеуметтік желінің әлегімен түрлі оқыс оқиға болып жатыр. Әсіресе кәмелетке толмаған балалар арасында желінің жақсы жағымен қатар зияны да бар екенін жасыра алмаймыз. Баланың экран алдында ұзақ отыруы, жасына лайықсыз контентке тап болуы, кибербуллингке ұшырауы, бейтаныс адамдардың ықпалына түсуі, жалған ақпаратқа сенуі – ата-ана үшін ғана емес, мемлекет үшін де елеулі қауіп болып отыр.

Президент Тамыз конференциясында әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар бала дүние­танымына ықпал ететініне назар аударды. Сондай-ақ 2018 жылдан бері қолданыстағы заңнамаға елеулі өзгерістер енгізу қажет екенін айтты. Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында да Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы тағы да қолдап, ең бастысы, заңды қабылдау ғана емес, оның толыққанды орындалуын қамтамасыз ету керектігін атап өтті. Қазір бұл мәселе Құрылтай қабырғасында қызу талқыланып жатыр.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Құрылтайының депутаты:

- Бұл мәселенің өзектілігін әлем елдерінің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Ашық дереккөздеріне қарағанда, биыл 25 елде балалардың әлеуметтік желідегі жасына қатысты заңнамалық шаралар нақты қаралған. Мәселен, Австралия алғашқылардың бірі болып 16 жасты шек ретінде бекітті. Мұндай шектеулер Бразилия, Индонезия мен басқа да елдерде де күшіне енген. Көптеген елдер 15-16 жасты негізгі шек ретінде қарастырып отыр. Қазақстан да осы бағытта нақты әрі тиімді модель қалыптастыруы қажет.

Құралай Жұмахан, тілші:

- 2023 жылы Unicef әлеуметтік желінің қазақстандық балаларға әсерін талдаған екен. Сарапшылар Қазақстандағы балалар интернетке ерте жастан, яғни 5-8 жас аралығында кіріп, қалағанынша пайдалана алатынын анықтаған. Тіпті мынадай статистика да бар: Елдегі әр оныншы бала желіде ешқашан жүзбе-жүз кездеспеген адамдармен араласқан. Одан қалды кездескен. Сол балалардың 11%-ы бейтаныс адамдарға өзінің суреттері мен видеоларын жіберген. 21 пайызы кибербуллингке ұшыраса, 15 пайызы жағымсыз контент көрген. Оның ішінде зорлық-зомбылық, өшпенділік, тіпті суицид жасау жолдарын үйрететін посттар бар.

Ақгүл Төлеуханқызы, балалар психологы:

- 10 мен 14 жас аралығындағы қыз балалардың билеп тұрып жасайтын бейнежазбалары көбірек қаралады екен. Бұл кәдімгі педофилдер тарапынан, соған жақын адамдар тарапынан. Бұл дегеніміз біз бер жағында бір көріністі, әдемілікті, қызықты контенттерді көріп жатуымыз мүмкін. Бірақ оның ар жағында балалардың жеке әлемін әшкерелеу бар.

Депутаттар желіде жеткіншектердің қауіпсіздігін қамту үшін нақты әрі тиімді модель қалыптастыруы қажет екенін айтып отыр. Бұған елдің пікірі қандай?

Блиц-сауалнама:

- 16 жасқа дейінгі балаларға тыйым қою керек. Себебі біз білмейміз, жұмыстамыз, балалардың телефонда не істеп отырғанынан хабарсызбыз.

- Көру қабілеті төмендей бастайды, ойлау қабілеті төмендей бастайды.

- Киберқауіпсіздікпен айналысқан дұрыс. Баланы керексіз ақпараттардан қорғау керек. 

- Тыйым салған дұрыс деп ойлаймын. Себебі әлеуметтік желіде қысқаша рилстар бар ғой, ол адамның ойлауын да қысқа қылады. 

Иә, көпшілік қолдап жатыр. Десе де мамандар баланың цифрлық сауаттылығын арттыруды құптайды. Әрі психологиялық жағынанынан да қолдау қажет екенін алға тартады. 

Абылай Исин, киберқауіпсіздік сарапшысы:

- Әлеуметтік желіге тіркелуге қойылған шектеуді айналып өту оп-оңай. ВПН, E-sim арқылы да, тіпті ата-анасының аккаунтымен де тіркеліп алатындар бар. Одан бөлек, баланы цифрлы ортадан толыққанды шектеу де оларға психологиялық әсер беру мүмкін. Кейде өзімен-өзі жалғыз қалған бала өз сұрағына жауапты ата-ана мен мектептен емес, желіден іздеп жатады. Сондықтан кешенді шаралар арқылы ғана баланы қорғай аламыз.

Баланың жасын қалай анықтаймыз? Жеке деректерін кім қорғайды? Жалған аккаунттарға тосқауыл қалай қойылады? Ал білім алуға қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділік қалай сақталады? Міне, осындай басы ашық сұрақ көп. Сондықтан мамандар бір ғана заң жобасымен шектелмей, ата-ана, қоғам, мемлекет үштігі кешенді жұмыс жүргізу қажет деп санайды.

Құралай Жұмахан