Тау-шаңғы инфрақұрылымы дамиды. Туристерге қолайлы жағдай жасалады. Қаланың халықаралық туристік орталық ретіндегі беделі арта түседі. Қазіргі заманға сай тау-шаңғы базаларының ашылуы спортпен айналысатын тұрғындар үшін де, шетелдік және отандық туристер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.
Алматының туристік әлеуетін арттыруда Іле Алатауының маңызы зор. Әсіресе сол аумақтағы Көкжайлау – қысқы және жазғы туризмді бірдей дамытуға таптырмас жер. Ірі халықаралық курорттар инфрақұрылымын тек спортшылар үшін ғана емес, бәріне бірдей ыңғайлы етуге тырысады. Әсіресе отбасылық демалысқа баса назар аударады.
Сарапшылардың айтуынша, осы басымдық Almaty SuperSki жобасына енгізілді. Оған қоса, бұл көлік кептелісі, қоқыс, қауіпсіздік мәселесін шешіп, жабайы туризмнің алдын алады.
Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development бас атқарушы директоры:
- Бұл 60 шақырым шаңғы жолы салынады. Бұл Шымбұлақпен салыстырғанда, үш есе көп. 11 аспалы жол болады. Трассаның басым бөлігі балалар мен жаңадан тауға келе бастағандарға ыңғайлы етіп жасалады. Біздің тау шаңғысы курортының артықшылығы осында. Қазір әлем бойынша туристер отбасылық демалыс үшін жайлы жерді іздейді. Ал шаңғы тебу – қымбат спорт түрі. Шетелдік турист кем дегенде күніне 300-400 евро жұмсайды.
Шетелдегі курорттар бірден жыл бойы жұмыс істеуге дағдыланған. Демалушылар қыста шаңғы мен сноуборд тебеді. Ал жылы кезде жаяу серуендеу, альпинизм және басқа да ашық аспан астындағы іс-шараларға барады. Осылай жыл бойы туристердің тұрақты келуі қамтамасыз етіледі.
Юрий Шнейдмюллер, Іле-Алатауы ұлттық паркі үйлестіру кеңесінің мүшесі:
- Бұл әлеует тек тау шаңғысы мен шаңғы курорттарымен ғана байланысты емес. Ол негізінен жыл бойы жұмыс істейтін туризммен байланысты. Іле Алатауында осының бәрін бірдей дамытуға болады. Бізде жыл он екі ай туризмді, атап айтқанда экотуризмді, тау шаңғысын, өзен рафтингін, альпинизмді, табиғат аясында жаяу серуендеуді яғни, хайкинг пен трекингті дамыту мүмкіндігі зор.
Курорт маңында шағын және орта бизнес дамиды. Қонақүйлер, тамақтану орындары, жалға беру нысандары, дүкендер мен туристік қызмет бірегей инфрақұрылымға айналады. Almaty SuperSki аясында 5 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев