Саржал ауылында әр үй бие байлап, қымыз баптайды

  • 2
  • 17.09.2026, 18:52

Саржал ауылы кезінде ядролық полигондағы жарылыстарға ең жақын орналасқан елді мекендердің бірі ретінде тарихта қалды. Алайда тағдырлы мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі көпшілікті таңғалдырады. Мұнда ұзақ ғұмыр кешкен қариялар қатары әлі де сиреген емес. Жергілікті тұрғындар жылқы бағып, қымыз баптап, белсенді өмір салтын ұстанады. 

Әсемхан Қуанышбаев Саржал ауылының байырғы тұрғыны. Ол атом сынақтары мен ядролық жарылыстардың куәсі болған. Өткенді еске алса, қасіретті жылдардың қорқынышы әлі де жүрегін сыздатады. Кейіпкердің айтуынша, ауыл халқы қиын кезеңдерді жылқының арқасында өткерген. Бүгінде Саржалда ат байлап, қымыз баптамайтын шаңырақ кемде-кем.

Әсемхан Қуанышбаев, Саржал ауылының тұрғыны:

- Бұрын біздің жеріміз көк шалғын, бәйек өскен жер еді. Қазір полигонның зардабынан жеріміз де тақырланып барады. Шөбіміз де жоқ. Адамдарымыз да көп зардап шекті. Саржал ауылы жылқымен күн көріп келе жатыр. Еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін еңбектеніп, осы жылқының арқасында осындай өмірге жеттік деп ойлаймын. Осы жылқы бізді сақтап қалды.

Жұбайы Ғалия Жұмағалиқызы да 1987 жылдан бері мал шаруашылығына бет бұрған. Жылқы бағып, қымыз өндіреді. Бір күнде 20-30 литрге дейін өнім алады. «Қымыздың сапасы мен дәміне оны дайындайтын ыдыстың да әсері бар», - дейді.

Ғалия Жұмағалиқызы, Саржал ауылының тұрғыны:

- Бұл қымыздың дәмі көбінесе шелекке байланысты. Бие шелек дейміз, соған байланысты. Бие шелек көбінесе емен ағашынан жасалады. Оны майлап, баптап, ыстап бірақ құйылады. Күні кешке дейін сауған сүтімізді қор қалтырып соған қорғай жылыдай құйып, пісіп, кешке қутырып алып, басқа шелекке құйып, жуып-тазалап, кептіріп, қайта ыстаймыз. Сонымен дәмі болады. Көбінесе біздің балалар осы саумалмен өсті. Содан иммунитеті де көтеріледі, көп ауырмайды, жөтелмейді. 

Медицина университетіндегі Қоғамдық денсаулық кафедрасының мамандары қымыздың дәрумендерге, соның ішінде С дәруменіне бай екенін айтады. Мамандардың пікірінше, қымызды дәстүрлі тағам ретінде тұтыну ас қорыту жүйесінің жұмысын қолдауға ықпал етеді. Жылқы еті мен саумалдың да тағамдық құндылығы жоғары.

Ардақ Алтынбекова, Семей медицина университеті Қоғамдық денсаулық кафедрасының оқытушысы: 

- Еттің құрамында дәрумендер мен минералдарға өте бай. Мысалға, магний, калий, кальций, фосфор В тобынлағы дәрумендер өте жоғары. Сондықтан жылқы еті мен сүті адам ағзасына өте пайдалы. Адамның ана сүтіне өте жақын. Лактозалар ішек жолдарының пайдалы бактериалын жақсартып, бізді дезбактериозды тудырмауға әсіресе балаларға жақсы әсер етеді. Қандай ауруларға десеңіз, көбінесе радиация мен онкологиямен ауыратын адамдарға негізгі еммен қоса тағайындайды.

Семей ядролық полигоны 40 жыл бойы жұмыс істеді. 1949 жылдан 1989 жылға дейін мұнда барлығы 456 ядролық сынақ жүргізілді. Соған қарамастан, ауыл тұрғындары өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған. Атқа мініп, қымызын баптап, еңбектен қол үзбейді. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, денсаулықтың басты кепілі– қимыл-қозғалыс пен адал еңбекте.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков