Хабар телеарнасы

Жылыту маусымы: Көмір бағасының негізсіз қымбаттауына жол берілмейді

Жылда қайталанатын жағдай. Жұрт қыстың қамына кіріскенде көмір бағасы шарықтап кетеді. Қазірдің өзінде солтүстіктің халқы қатты отынның бағасы қымбат деп дабыл қағып жатыр. Ал бағаны негізсіз көтеретін алыпсатарлармен Қаржылық мониторинг агенттігі күреспек.

Бүгін агенттік алаңында арнайы кеңес өтіп, көмірдің бағасын бақылау және тапшылықтың орын алмауын қадағалау мәселесі талқыланды. Агенттік мемлекеттік мекемелердің көмірді қымбат бағаға сатып алуын болдырмау және халыққа жеткізілетін отынның бағасын көтеретін жасырын схемалардың жолын кесу мақсатында арнайы Жол картасын құрды.

Дмитрий Малахов, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы:

- Делдалдардың әрекетінен түптеп келгенде қарапайым халық зардап шегеді. Сондықтан біздің ведомствоаралық жұмыс тобымыз белсенді жұмыс істеуде, іс-шараларды егжей-тегжейлі көрсететін Жол картасына қол қойылды, онда әрбір органның рөлі, мақсаттары мен міндеттері айқындалған.