Kazenergy қауымдастығы АЭС құрылысына қатысты мәлімдеме жасады
Ел энергетиктерінің басын біріктірген Kazenergy қауымдастығы Үкіметтің Атом станциясын салу туралы бастамасын қолдайды. Қоғамдық ұйым белсенділері мәлімдеме жасады. Айтуларынша, еліміз энергетика секторының одан әрі дамуын айқындайтын маңызды шешімнің табалдырығында тұр. Олар Қазақ еліне бейбіт атомды пайдаланатын толыққанды держава болуға алғышарттың барлығы қалыптасты деп санайды.
Жандос Нұрмағанбетов, Kazenergy қауымдастығының бас директоры:
- Біз уран өндірісінен әлем бойынша танылған көшбасшы болып табыламыз. Өскеменде ядролық отынды шығару өндірісі өз өнімін сырт елдерге экспортқа шығарып жатыр. Атом реакторын қауіпсіз пайдалану тәжірибесі бар. Біздің еліміз халықаралық атом энергия жөніндегі агенттігі МАГАТЭ-нің толықтай мүшесі болып табылады. МАГАТЭ-нің тәуелсіз бағалауы бойынша Қазақстан атом станциясының құрылысын бастау және одан әрі пайдалануға қажетті инфрақұрылымға толық ие.