Жетісу облысында жүз жасаған кейуана дауыс берді. Өңір жаңалықтары
Ғасырдан аса ғұмыр кешкен кейуаналар мен қазына қарттарымыз да бүгін өз таңдауларын жасады. Саяси науқаннан спортшыларымыз бен қоғам қайраткерлері де тыс қалмады. Мәселен, былтыр Моңғолиядан елімізге қоныс аударған бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы референдумда дауыс берді.
Бүгін жүз жасаған қарт әжелеріміз де қауырт науқаннан қалыс қалған жоқ. Жаркент қаласының тұрғыны Зейнелхан Оспанова таңмен таласа ерте тұрып, №322 референдум учаскесіне бірінші болып барыпты. 12 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты анаға құрмет көрсетіліп, сыйлық табысталды.
Ал Жамбыл облысының тұрғыны Күлия Үсенованың айтуынша, дауыс беріп, ел алдындағы өз борышын орындау - әрбір азаматтың міндеті.
Күлия Үсенова, Ақбұлым ауылының тұрғыны:
- Дауыс берейін деп арнайы өзім келдім. Еліміз аман болсын. Халқымыз тыныш болсын. Ұдайы осындай бейбітшілік болсын. Бәрімізге Алла тыныштық берсін.
Әлемге танымал бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы өзі тіркелген учаскеге барып, дауыс берген. Қазақ өнері, ұлттық сана дегенде ішкен асын жерге қоятын бүркітші қыз үшін ел болашағына қатысты кез келген мәселе маңызды.
Байрақты бәсекеде талай рет ел туын желбіреткен спортшымыз Елдос Сметов та Таразда өз таңдауын жасады.
Елдос Сметов, Париж Олимпиадасының чемпионы:
-Өз таңдауымды жасадым және ел болашағы үшін, еліміздің дамуы үшін, елімізге пайдасын тигізетін дүниелер үшін әр қазақтың баласы, әр қазақ халқы, өзінің дұрыс таңдауын жасау керек деп ойлаймын.
Қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлының пікірінше, еліміз үшін маңызды мәселелерді референдумға салу дұрыс шешім. Бюллетенді жәшікке тастағаннан кейін айтулы оқиға туралы өз пікірімен бөлісті.
Мұрат Бақтиярұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері:
- Тәуелсіз Қазақстан тарихында осы төртінші референдум өткізіп жатыр. Осы референдумға тек бір мәселе салып отыр. Елімізде атом электр станциясын салу қажет пе, қажет емес пе? Әрине оны ат төбеліндей кішкентай биліктегі азаматтардың қабылдауына болар еді. Бірақ бұл үлкен мәселе, бұл – халықтық мәселе.
Ел тарихындағы ең маңызды науқанға қатысып, дауыс беру толық аяқталды. Қазақстанның болашағы үшін қабылданатын маңызды саяси шешімге атсалысқандар жағынан, әсіресе қызылордалықтар өзгелерден оқ бойы озық тұр.
Авторы: Диана Қадыр