Хабар телеарнасы

Семейде жыл басынан бері 550-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген

Тек мотоциклдің қатысуымен 6 апат болып, 3 адам көз жұмды. Тәртіп сақшылары: «Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізгенімізбен, нәтиже болмай тұр», - дейді. Жол апатының жиілеуіне не себеп?

Семей халқының айтуынша, Бозтаев көшесі – жолаушылар үшін ең қауіпті аймақ. Жаяу жүргіншілер белгісі бар, бірақ қараңғыда көріне бермейді. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік адамды байқамай қалуы мүмкін. Қайғылы оқиғадан кейін тек бір жерге жолаушыларға арналған тетігі бар бағдаршам орнатылған.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Көлік апаты көбінесе жол жүру ережелерін сақтамағаннан болады. Дәл осы жаяу жүргіншілер жолағынан өтпек болған 21 жастағы қызды көлік қағып кеткен болатын. Бойжеткен оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы жағдайдың алдын-алу үшін жолдан өтер кезде міндетті түрде автокөліктердің тоқтағына көз жеткізу керек. Себебі жол қателікті кешірмейді.

Биыл жыл басынан бері өңірде 550-ге жуық жол апаты тіркелген. 681 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түссе, 68 азамат қайтыс болды.

Блиц-сауалнама:

- Авариядан кейін болып жатыр. Оған дейін свет те жанбайды. Ана жерінде бар, мына жерінде жоқ.

- Міне, машиналар біреуі тоқтайды, біреуі тоқтамайды. Өзімнің көршім үлкен кісі осындай неге ұшырап, жарты жылдай, бір жылдай больницада жатты.

- Сол светофорларды орнату керек. Келесі жолы мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмауы үшін.

Тәртіп сақшылары: «Түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіледі», - дейді. Алайда жол-көлік оқиғаларына қатысты статистика көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері Абай облысында 213 мың жүргізуші әкімшілік жазаға тартылып, 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынған.

Ержан Ақбаев, Абай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары:

- Жол-көлік оқиғаларын алдын алу және болдырмау мақсатында мотоцикл құралдарын қауіпсіз басқару және жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жылдамдық режимінен аспауға, қауіпті маневрлерден аулақ болуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мотоциклдерді қорғаныс шлемімен басқаруға шақырады.

Өкініштісі, елімізде жылына 2 мыңға жуық адам жол үстінде көз жұмады. Апаттан опат болмас үшін қарапайым ережені ескерген жөн. Қара жол қателікті кешірмейді.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов