Хабар телеарнасы

Қостанай облысында астық сапасы ақсап тұр

Қостанай облысының диқандары егіннің 40%-ін жинап алды. Бүгінгі таңда 2 млн гектарға жуық алқаптың дәнді дақылдары бастырылған. Күзгі жиын терімде астықты өңірдің оңтүстік аймақтары көш бастап тұр. Дегенмен ылғалдың көптігі астық сапасына әсер етпей қоймады. Ұзақ жауған жаңбырдан өнім көгере бастаған. Диқандардың биылғы астық сапасына көңілі тола ма?

Арқалықтың диқандары орташа есеппен  гектарына 12 центнерден астық алып жатыр. Өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бұл Сергей Гертнердің егіс алқабы. Шамамен төрт мың гектарды алып жатыр. Қиындықтарға қарамастан бидай шығымы жаман емес. Жаз бойы арамшөп пен шегірткеге қарсы күресті. Ауруға шалдыққан өсімдік алқаптарына өңдеу жүргізді. Төккен тер мен еселі еңбек зая кетпепті.

Сергей Гертнер, шаруа:

- Ауруға шалдыққан егіс алқаптарына көптеген химиялық өңдеулер жүргізілді. Нәтижесінде орташа есеппен 15 центнерден өнім алып жатырмыз. Үшінші сұрып. Бидайдың қамырлығы 26-дан басталады.

Ылғалдың көп түсуінен қиындыққа тап болған шаруашылықтар да бар. Олар өнім көрсеткішімен мақтана алмайды. Себебі кейбір диқандар өңдеу жұмысын уақытында жүргізбеген.

Руслан Күлетов, Арқалық қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

- Шаруа қожалықтарының 20-30%-і қазіргі таңда 5-ші, 4-ші класс болып жатыр жинап жатқан егіндеріміздің. Ол ылғалдың көптігінен көптеген аурулар шығып, соның салдарынан болып жатыр. Егін тұқымдарымыз жиналу үстінде. Негізгі шаруа қожалықтарының басты бөлігі 3-ші кластық бидай жинап жатыр.

Астық жинау қарқыны жағынан Арқалықтың диқандары алда келеді. Бүгінгі таңда дәннің 60%-ін жинап үлгерді. Ауа райы жайлы болса, қыркүйектің аяғына дейін қамбаны астыққа толтырамыз деп отыр.

Қ. Қасиетова, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг