ДКО: мобилографтар арасындағы байқау мәреге жетті
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы промо-ролик түсіруге арналған мобилографтар арасындағы байқау мәреге жетті. Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шет мемлекеттерден 2,5 мыңға жуық үміткер қатысқан болатын. Түрлі әлеуметтік желілерде ұлы дала дүбірін жан-жақты насихаттап, көшпенділер ойындары туралы түсірілген видеолардың жалпы қаралымы 16 715 216-ға жеткен. Арнайы құрылған комиссия мүшелері әрбір келіп түскен жұмысты мұқият қарап жан-жақты саралап, салмақтап, байқау қорытындысын шығарды. Бас жүлде Берікбол Аймырзаға бұйырса, Аманқұл Ерасыл екінші, ал Арман Тұрлыбеков үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ Руслан Абжалдың жұмысы төртінші орынға лайық деп танылды. Бас жүлде алған қатысушы 1 млн теңге қаржылай сыйлықтан бөлек сапар немесе іс-шара барысында Президенттің жеке мобилографы ретінде бір күндік жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Бұған қоса жеңімпазға Мемлекет басшысының қолтаңбасы қойылған смартфон бұйырды. Өзге де жүлдегерлер мен қатысушыларға сыйлықтар үлестірілді.