Елімізде кейбір мемлекеттік қызметкерлерге кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат беріледі
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген кейбір адамдарға кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат берілуі мүмкін. Бірақ бизнес олардың өз міндеттерін орындауға кедергі келтірмеуі тиіс. Сол талаптарды реттеу үшін Мәжілісте тиісті заңға түзету енгізу ұсынылды. Сондай-ақ қоғамды толғандырған мәселелер бойынша бірқатар депутаттық сауал жолданды.
Мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген адамдар алдағы уақытта кәсіпкерліктің кез келген түрімен айналысуы мүмкін. Олар кімдер? Мектеп пен аурухана, республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық кәсіпорындардың бірінші басшылары. Тізімде олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер, мемлекеттік сатып алу департаменттерінің жетекшілері, сондай-ақ филиалдардың басшылары да бар. Десе де, жаңа норма бәріне бірдей қолданылмайды.
Ұлан Сарқұлов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
- Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілеріне тыйымды сақтау ұсынылып отыр. Ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардағы басқарушыларға тыйым сақталады.
Бұл ұсыныс қашаннан бастап жұмыс істейтінін нақты айту қиын. Тек бірінші оқылымда қаралды. Содан соң депутаттар сұрақтарын қарша боратты. Мәжілісмен Магеррам Магеррамов онлайн несие рәсімдеуге тыйым салуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл - азаматтарды киберқылмыстан қорғаудың бірден-бір тетігі. Тек тамыз айында алаяқтарға алданғандар 7 млрд теңге қарызға батқан.
Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Онлайн болған соң кез келген ақпарат, мейлі ол ЖСН болсын, мейлі биометралық деректер болсын киберқылмыскерлердің қаруына айналуы мүмкін. Алаяқтар алған несиені жәбірленушілер ұзақ жылдар бойы төлеуге мәжбүр. Сондықтан онлайн несиелендіруді жоюымыз керек. Адам келіп, өздері несие алып жатқанын растауы керек. Банктер азаматтарымызды қорғайтын шаралар қабылдасын. Бүгінде мұндай шараларды көрмейміз.
Депутат Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желілердегі қауіпті ойындар, зорлық-зомбылықты насихаттайтын контенттер мәселесін көтерді. Бұған ата-аналар мен педагогтар үлкен алаңдаушылық білдіруде. Депутаттың айтуынша, Парламент осындай келеңсіздіктерді реттейтін заңдық негіз жасап қойған. Енді керегі құзырлы органдарды жұмысын ширату қажет.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Қауіпті контентті анықтау және мониторинг жасау бойынша автоматтандырылған жүйелерді енгізу. Зиянды контентті автоматты түрде анықтай алатын және бұғаттай алатын жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеп, қолдану қажет. Мұндай жүйелер интернеттегі қауіпті материалдарды жедел бақылап, оларды бірден жою механизмдерін қамтамасыз етуі керек.
Мәжілісмен әлемдік тәжірибені де мысалға келтірді. «Әлеуметтік платформалардың иелері қауіпті контент тарап кетпейтінін дәлелдеуі керек екен. Біз де соны талап етуіміз қажет»,– дейді.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков