Хабар телеарнасы

Сенатор TikTok-ты бұғаттауды ұсынды

Сенатор Геннадий Шиповских TikTok әлеуметтік желісін реттеу туралы мәселе көтеріп Үкімет басшысына сауал жолдады. Депутат платформа мазмұнына алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, қосымшада балалардың психикасы мен жалпы денсаулығына теріс әсер ететін бейнероликтер кеңінен таралуда. Сондай-ақ жалған және араңдатушылық мазмұндағы материалдар да кездеседі. Ал қолданушының білім деңгейін көтеруге арналған зерттеу тақырыптары салыстырмалы түрде аз.

Геннадий Шиповских Франция, Канада, Қырғызстан сияқты елдер TikTok-ты пайдалануды шектеу жөнінде шаралар қабылдағанын атап өтті.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- TikTok платформасы моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. Сондай-ақ TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы қажет. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз.