Хабар телеарнасы

Депутаттар Жамбыл облысындағы жаңа медициналық нысандарды тексерді

Жамбыл облысында былтыр 21 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Бүгін солардың бірнешеуін мәжіліс депутаттары аралап көрді. Ауылдық амбулаторияның бірі Байзақ ауданындағы Қызыл жұлдыз ауылында бой көтерген. Елдімекенде 5 мыңға жуық халық тұрады. 60 науқасқа шақталған жаңа медициналық нысанды салуға былтыр облыстық бюджеттен 370 млн теңге бөлінген. Сәуір айында басталған құрылыс 4 ай бұрын аяқталуы тиіс еді. Бірақ мердігер жұмысты жыл аяғына дейін созған. Оған қоса медициналық құрылғылардың құжаттары түгел болмай шықты. Сондықтан ғимараттың ашылуы тағы бірнеше айға кешігетін түрі бар.

Гүлдара Нұрымова,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Нысан дайын, жабдықтар дайын. Енді осы жерге кіріп жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Бірақ құжаттар лицензиясы бар соның бәрі уақыт алады. Соның барлығын алған соң бір екі айда кіретін болады. Бірақ осы мерзімді қысқартуға барлық жағдай жасау керек деп ойлаймын. Енді біз де осыған көмектесуге дайынбыз.