Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында 530 референдум учаскесі жұмыс істеді

Соңғы деректерге сәйкес, Ақтөбе облысында 412 мыңнан астам тұрғын өз таңдауын жасады. Бұл өңір халқының 72,31%. Референдум учаскелерде заңбұзушылық деректері тіркелген жоқ.

Мансұр Есқожин, тілші:

-Референдум учаскелері бірер минут бұрын ғана жабылды. Қазір комиссия мүшелері бюллетеньдерді санап жатыр. Біз тұрған мына учаскеде 2296 тұрғын тіркелген.

Нұрлыбек Жүсіпов, облыстық референдум комиссиясының төрағасы:

-Бюллетеньдердің жарақтысын анықтайды, пайдаланбағандарын анықтайды. «Ия» деп берген даусын, «жоқ» деп берген дауысын анықтайды. Санаттар мен бюллетеньдердің барлығын анықтағаннан кейін барып, учаскенің өзінің қорытынды хаттамасы толтырылады. Сол қорытынды хаттамаға барлық мүшелері қол қойып, содан соң байқаушыларға сол арада хабарлап, жариялап айтатын болады.

Мансұр Есқожин, тілші:

-Ақтөбе облысында 530 референдум учаскесі жұмыс істеді. Өңірде 570 мыңға жуық азамат дауыс беру құқығына ие болса, олардың 72,31% өз таңдауын жасаған. Әскери бөлім, медицина мекемелері және түзету колониясы сияқты жабық режимде жұмыс істеген учаскелер жұмысын 14:00-де аяқтады. Учаскелер алдында түрлі жәрмеңке ұйымдастырылып, мүгедектігі бар жандарға тегін такси ұйымдастырылды.