8 өңірде жылу берілді
5,2 млн тонна көмір және 88 мың тонна мазут. Қазір отын қоймаларында жылу беру маусымын ойдағыдай өткізу үшін осынша қор жиналған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Мамандар ұсынған есепке қарағанда жоспарлы жөндеу толық орындалған. Демек қыстан қысылмай шығамыз.
Қазір білім беру мекемелері, соның ішінде мектеп пен балабақша, сондай-ақ медициналық мекемелер мен еліміздегі тұрғын үй қорының 99% астамы жылу беру маусымына толық дайын. Оларды жылумен қамту үшін не жасалды? Үкіметтің бүгінгі жиынындағы басты сұрақ осы болды.
Биыл жылу электр орталықтарындағы 32 қазандық жөнделіпті. Сондай-ақ өңірлерде 536 шақырым жылу желілері жаңартылған. Қазірдің өзінде отын қорларына 5,2 млн тонна көмір және 88 мың тонна мазут жеткізілген.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
-Министрлік өңірлердегі бірқатар ағымдағы мәселелерді бақылауда ұстауда. ШҚО Риддерде екі қазандық жұмыс істеп тұр. Тағы ек қазандықты жөндеуде. Кентау қаласында қазандықтардың дайындығы қазан айының ортасына дейін қамтамасыз етілуі тиіс. Маңғыстау облысында 3-энергия блокты жөндеуді ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау қажет.
Дегенмен жалпы ахуал тұрақты. Бүгінге дейін Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан сияқты 8 облыс пен Астана қаласында жылу беру басталды. Батыс пен оңтүстік өңірлерде жылыту маусымы қазан айының ортасында басталады деп жоспарлануда.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Енді ең бастысы жылу беру маусымын қалыпты деңгейде өткізіп, жоспарланған барлық параметрлерді сақтай білу. Коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу бөлімшелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Олар кез келген жағдайға шұғыл әрекет ету үшін дайын болуға тиіс.
Біздегі жылу желілері мен қазандықтар әлі толық жаңартылмаған. Тек ішінара жөнделді. Үкімет басшысының сақтанып жүрейік дегені сол. Олжас Бектенов сондай-ақ тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мәселесін назарда ұстау қажеттігін ескертті. Қор жеткілікті, баға тұрақты болсын деді. Үкімет отырысында мемлекеттік орман қорын ұлғайту барысы да қаралды. Соңғы 5 жылда еліміздің орман алқабы 267 мың гектарға ұлғайыпты.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Елімізде жалпы 975 млн көшет отырызылды. Биыл Таза Қазақстан акциясы аясында 300 мыңнан астам көшет отырғызылды. Ағаш отырғызу орман питомниктерін дамытуға да зор ықпал етіп отыр. Кейінгі төрт жылда жаңа питомниктер жасалды.
Ал отырғызылған ағаштардың жерсініп кету деңгейі қандай? Премьер-министр санда бар, санатта жоқ ағаштар болып жүрмесін деп ескертті. Екінші мәселе - орманды өрттен қорғау. Биыл осы мақсатта 2 мыңнан астам техника сатып алынған. Ал Бурабай ұлттық паркіндегі өртті ерте анықтайтын жүйе басқа өңірлерге де енгізілетін болыпты. Цифрлық камераларды қолданғалы орман өрттерінің орташа ауданы 50 есеге қысқарған.
Ақылды жүйе өзінің артықшылығын көрсетті, іс жүзінде дәлелдеді. Осы технологияны енді «Семей орманына» енгізу көзделіп отыр. Жоспар бойынша бұл жұмыс келесі жылы атқарылады. Жоба құны 3,1 млрд теңге.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов