Бұрынғы вице-министрдің не үшін қамауға алынғаны белгілі болды
Бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрінің не үшін қамауға алынғаны белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукеновтың хабарлауынша, күдікті 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан-Ресей ынтымақтастық форумын ұйымдастыру барысында жеке компанияның мүддесі үшін жобалық-сметалық құжаттардың құнын қолдан өсіріп, сол арқылы бюджет қаржысын қалтаға басқан. Ал Атырау облыстық дене шынықтыру басқармасының басшысы спортшыларға оқу-жаттығу өткізу үшін бөлінген қаражаттың 1 млн теңгеден астамын қолды қылыпты. Түркістан облысының кеденшілері болса, Қазығұрт кеден бекетінен жүк көліктерін емін-еркін өткізу үшін шетел азаматтарынан 50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін пара алып отырған. Жалпы ел бойынша осы тектес жемқорлық деректері азаймай тұр.
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
-Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазақстан темір жолы» жүк тасымалы Батыс филиалы, жем пайдалану локомотив депосының бастығына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Ол тепловоз көмекшісі лауазымына жұмысқа тұрғызу үшін жалпы сомасы 2,5 млн теңгеге бірнеше рет пара алу бойынша күдікті. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.