Хабар телеарнасы

Оралдық құтқарушылардың иісшіл иті «Қазқұтқару-2024» байқауында ІІ орын алды

Оралдық құтқарушылардың иісшіл иті жуырда өткен «Қазқұтқару-2024» республикалық байқауында екінші орын алды. «Джесси» атты лабрадордың жоғалған жандарды іздеп табудағы үлесі зор. Жыл басында кафеде болған жарылыс кезінде де ит үйінді астында қаза тапқан адамның қай жерде екенін дәл көрсеткен еді.

Мына иттің аты – Джесси. Сан мәрте боранды-тұманды күндері орманда, далада жоғалған жандарды жаңылмай іздеп тапқан. «Адасқан адамдарды тез арада табуға ізшіл иттердің көмегі көп»,– дейді құтқарушылар.

Рашид Нұрғалиев, БҚО ТЖ департаментінің жедел-құтқару отрядының басшысы:

-Қыста боранды күндері осы итпен талай іздестіру шараларына шықтық. Қар астында немесе өзге де көзге көрінбейтін қалтарыста қалған, адасқан адамдарды іздеп табуда иттер жетер көмекші жоқ. Жалпы қызметтік иттердің еңбек өтілі 10 жылға дейін. Джесси қазір 8 қар басты. Енді 3-4 жылдан кейін зейнетке шығарамыз.

Жоғалған жандарды іздеп табуда иттердің жоғары нәтиже көрсетуі әрине кинологтың еңбегі. Асан Ниязов Джессиді 4 айлығында сатып алыпты. Содан бері тынбай жаттықтырып келеді. Әр жыл сайын сертификаттаудан өткізіп, иттің иіс сезу қабілетін кинолог сарапшылар алдында дәлелдейді. Сол жүйелі жұмыстың жемісі шығар, лабрадор осы қыста кафедегі жарылыс кезінде үйінді астынан қаза болған жанды дәл тауыпты.

Асан Ниязов, кинолог:

- Құтқарушылар іздестіру жұмыстарын бастады. Адамдарды шығарып жатты білетіндерін мына жерде деп көрсетіп, содан итті жіберіп көрейік деп жібердік. Ол тапты. Сол адамды тауып қасына үріп отырып алды. Ол шықпай, шығара алмай, плита астына өзіміз кіре алмаймыз. Қауіпті, құлап кетуі мүмкін үстімізге. Содан шақырып шықты әйтеуір сол жерден. Иттерде иіс сезу өте жақсы ғой.

Қыркүйек айында Алматыда өткен «Қазқұтқару- 2024» республикалық байқауында оралдық құтқарушылардың командасы екінші орынды жеңіп алыпты.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов