ҚР СІМ Таяу Шығыстағы жағдайды бақылап отыр
Таяу Шығыста зардап шеккен және қаза тапқан Қазақстан азаматтары туралы ақпар жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Ливан, Иран, Израильдегі дипломатиялық миссиялары күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қауіпті аймақтардан шығару мақсатында борттар ұйымдастырылса, консулдық есептегі азаматтар Қазақстанға қайтарылады. Сыртқы істер министрлігі осы елдерде жүрген отандастарымызды консулдықтарға тездетіп тіркелуге шақырады. Мәселен, бұған дейін Ливаннан кету қажеттілігі бірнеше мәрте жарияланған болатын. Айта кетейік, Қазақстанның Таяу Шығыс елдеріндегі елшіліктерінде жедел штабтар құрылған. Әр елдегі штаб құзырлы ведомстволармен тығыз байланыста. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Таяу Шығыстағы азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін қолдан келгеннің бәрі жасалатынын айтты. Әзірге дипломатиялық миссия өкілдері мен олардың отбасы мүшелерін елге қайтару мәселесі қаралып жатқан жоқ. Сондай-ақ Израиль, Иран және Ливандағы референдум учаскелері жұмысын тоқтатты.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
-Консулдық есепте тұрған азаматтардың тізімі тұрақты негізде өзектендіріліп келеді. Осылайша, бүгінде Израильде консулдық есепте 120, Иранда 102, Ливанда 139 Қазақстан азаматы, оның ішінде дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері бар. Көптеген азаматтар консулдық есепте тұрмайтынына назар аударғымыз келеді. Осыған байланысты байланыс орнату және Қазақстан азаматтарының тізімін дайындау біраз уақытты алады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның барлық азаматтарын болу елдерінде консулдық есепке тұруды шақырамыз. Сондай-ақ қазіргі уақытта Израильде, Иранда және Ливанда тұратын Қазақстан азаматтарынан аса қажеттілік болмаса тұрып жатқан жерлерінен шықпауды, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылықты танытуды, жаңалықтарды қадағалауды және биліктің ұсынымдарын орындауды, сондай-ақ ҚР СІМ-мен аталған елдердегі Қазақстанның елшіліктерімен байланыста болуын сұраймыз.