Елімізде АЭС 2035 жылы пайдалануға берілуі мүмкін
Бұл туралы «Бейбіт атом жолында: бағыттары мен болашағы» атты халыақаралық конференция барысында айтылды. Белгілі болғандай, бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс істейді. Кейінірек құрылыс жүргізетін компаниялар да анықталады.
Ал АЭС-ті пайдалану мен қауіпсіздігіне Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік көңіл бөледі. Биыл Қазақстанның МАГАТЭ-мен ынтымақтастық орнатқанына 30 жыл толды. Конференция барысында еліміздің антиядролық қозғалысты дамытудағы тарихи бастамаларының маңызы туралы кеңінен айтылды. Мамандар: «Бейбіт атом алдағы жылдары әлеуметтік-экономикалық өсімнің негізгі факторы болады», - дейді.
Берік Бекжанов, Парламентаризм институты директорының орынбасары:
- Біз тәуелсіздік алған жылдардан бастап жалпы атом бейбіт жолда пайдалану туралы нақты іспен көрсетіп келе жатырмыз. Тек қана құр сөзбен емес. Оған жеткілікті нормативтік-құқықтық актілер бар бүгінгі таңда. Сондықтан оның барлығы осы біздің еліміздің атом энергетикасы төңірегіндегі ұстанымының нақты дәлелі деп айтуға болады.