Хабар телеарнасы

Талғардағы қайғылы оқиғаға қатысты сот процесі онлайн өтуі мүмкін

Қоғамда резонанс тудырған Талғардағы қайғылы оқиғаға қатысты сот процесі онлайн өтуі мүмкін. Алматы облысының прокуроры Берік Адамов бұл туралы сотқа өтініш жіберілетінін айтты. Бұл іс бойынша тағы үш күдікті ұсталды. Осылайша Шерзат Болаттың өліміне қатысты 10 күдікті тергеуге алынған. Бұл туралы Қонаев қаласында құзырлы орган өкілдері ақпарат таратты. Брифингте қылмыс болған жердегі бейнебақылау камераларының жазбасы да көрсетілді. Бейнежазбада дүкенге ер азаматтың келіп, сыра сатып алғаны анық көрінеді. Ал оның құнын төлеу кезінде мобильді аударымда уақытшы кідіріс болған. Десе де толық есептеседі. Артынша келіспеушілік болып, дүкен алдына адамдар жинала бастайды. Жанжал не үшін туындағаны әзірге белгісіз. 

Берік Адамов, Алматы облысының прокуроры:

-Біздің тарапымыздан тергеу ісінің заңдылығы мен толықтығы қадағаланады. Тергеу сатысында ешқандай заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Сот процесінің ашықтығы жөніндегі мәселе бойынша прокуратура сотқа өтініш хат енгізу қарастырылады.

Самат Айысов, ҚР Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті басшысының орынбасары:

-Қазіргі таңда 3 пышақ алынды. Оқиға болған жерде қару болғаны жайлы ақпарат болды. Ол да алынды. 3 пышақ, 1 мылтық. Олармен қазір сараптама тағайындалды. Тергеу жүріп жатыр.

Марқұм Шерзат Болаттың үйі қасақана өртелген болуы мүмкін. Оқиға орнынан резеңке қолғап пен каннистр табылды. Оның үстіне от баспана сыртынан басталған, яғни, оқыс жағдай болмады. Алматы облысы прокурорының мәлімдеуінше 600-ден аса адамнан жауап алынып, бірнеше сараптама тағайындалды. Жәбірленушілердің туыстары мен жақындары тәулік бойы күзетке алынған.

Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша Талғардағы атышулы іске ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы жоқ. Әлеуметтік желіде жұрт жарыса жазған Хасан Қасымбаев тергеуге мүлдем тартылмады. Оған қоса күштік құрылымдардың есебінде «Хуторский» деген қылмыстық топ тіркелмеген.

Бауыржан Аленов, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

-«Хуторский» деген қылмыстық топ біздің есепте жоқ. Ұсталғандарды ауызша бейнелесек те, олардың қандай да бір қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін байқауға болады. Екеуі ипподромда атбегі болып істейді. Біреуі Шымбұлақта қарапайым қызметкер, біреуі күзетші. Екеуі сұлулық салонында жұмыс істейді. Дегенмен барлығы түгел тергелетін болады.