Хабар телеарнасы

Құрылыста жазатайым оқиғалар жиілеп кетті. Бұған не себеп?

Адам шығыны тіркелген әрбір бесінші оқыс оқиға құрылыс саласына тиесілі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтты. Соңғы кездері құрылыста жазатайым оқиғалар жиілеп кетті. Бұған не себеп? Жауаптылар кәсіпорындарда қауіпсіздік талаптарының сақталуын талап етумен шектеледі. Ереже неге сақталмайды? Жұмыс орнында жазым болғандардың ары қарайғы өміріне кім жауапты?

Құрылыс саласында қауіпсіздік шараларын сақтау өте маңызды. Себебі өткен жылы 149 жұмыскер зардап шексе, оның 46-сы қаза тапқан. Ал биыл құрылыс нысандарында болған оқыс жағдайдан 18 жұмысшы қаза тапқан.

Қазір техника күн санап дамып жатыр. Сәйкесінше қауіпсіздік шаралары да барынша күшейтілген. Дегенмен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қосалқы мердігерлер көбіне қауіпсіздік талаптарын сақтамайды. Мәселен, биыл 9 айда еліміз бойынша 64 адам құрылыс кезінде жарақат алған.

Мұрат Алмағамбетов, қауіпсіздік техникасының инженері:

-Баспалдақпен көтеріліп жатқан кезде әрдайым екі қол, бір аяқ немесе екі қол, бір аяқ болуы керек. Сол кезде адамның денесі тұрақты тепе-теңдік сақтауға ыңғайлы. Баспалдақта екі аяқпен тұрып, екі қолмен жұмыс жасауға болмайды. Көбісі сондай қателікті жасайды және жүкке жақындауға болмайды. Жүктің биіктігі жерден 30 см болғанда, сол кезде жақындап оны қозғалтуға түсіруге, шамалы бұруға сол кезде болады. Көп жағдайларда жоғарыдан қабылдап бастайды. Сол кездерде жыртылып қалуы мүмкін.

Жұмыс орнында жазатайым оқиғадан зардап шеккен жұмысшыға мемлекеттен 2 түрлі әлеуметтік көмек беріледі. Ал мердігерге сақтандыру төлемдерін аударып отыру міндеттелген. Осы қаржы жарақат алған жұмысшының толық емделуіне жұмсалуы тиіс.

Бейбарыс Тәңірбергенұлы, ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инвестициясы комитетінің бас сарапшысы:

-Өндірістен зардап шеккен жұмыскерлерге еңбекке жарамсыздық парағы ашылған жағдайда жарамсыздық мерзіміне дейін 100% жалақысы сақталады. Қайтыс болған жағдайда оның қарауындағы отбасы мүшелері болса, соларға толық көлемде зиянды өтеу төлемдер белгіленеді. Жұмыссыз болса, әйелдеріне төлемдерін жүргізіп отырады. Мемлекеттік еңбек инспекциялары тарапынан тексеру тұрақты түрде жүргізіліп отырады.

Дегенмен құрылыста жүргендер еңбек шартын жасауға асықпайтын көрінеді. Заңгердің айтуынша, оған түрлі себеп бар. Сондықтан құрылыста оқыс жағдай бола қалса, жұмыс беруші еңбек инспекторын шақыруға міндетті. Бірақ бұл талапты орындамайтындар көп. Екі тараптың арасындағы дау сол әлеуметтік көмек алуға келгенде басталады.

Самира Тайтенова, «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының заңгері:

-Кейбір жағдайларда жұмыс берушілердің өзі де жұмысқа кіргісі келмейді. Мысалы, алимент төлегісі келмейді, ресми жалақысын көрсеткісі келмейді. Әр айдың 10-ында жалақы берсеңіз, жеткілікті деп өздері де бұл тәуекелге барып отырады. Егер жазатайым оқиға орын алып жатқанымен, бірақ мердігер компания оны жасыруға тырысып жатса, оған әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған.

Жыл басынан бері құрылыстағы жазатайым оқиғалардан зардап шеккендердің басым көпшілігі Астана қаласы, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарында болған. Жауапты мамандар бұл салада тексерісті күшейту арқылы ғана заң талаптарының орындалуын қамти аламыз деп отыр.

Авторлары: Диана Қадыр, Руслан Тауешов