Хабар телеарнасы

Павлодарда тұрғын үй құрылысы қарқын алды

Павлодарда тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Облыс орталығында ең ірі жоба - Достық шағын ауданы салынып жатыр. Онда қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартатын әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдардың барлығы қамтылады. «Жайлы мектеп», мұз аренасы, балабақша, аурухана, сауда үйлері бой көтереді. Ал Тәуелсіздік жылдары іргесі қаланған «Усолка» және «Сарыарқа» шағын аудандарының құрылысы толық аяқталды.

Усолка шағын ауданында алғашқы көпқабатты үйлер тоқсаныншы жылдары пайда болды. Біраз жылғы үзілістен кейін құрылыс қайта жанданды. Қазір бұл аудан, халық тығыз қоныстанған қаланың ең үлкен бөлігіне айналған. «Ертіс қойнауында үй салу тыңнан түрен салғанмен бірдей болды»,– деп еске алады Қазақстанның құрметті сәулетшісі Марат Қабдуәлиев.

Марат Қабдуәлиев, Қазақстанның құрметті сәулетшісі:

-Усолка өзенінің бергі жағалауына көпқабатты үйлер салынды. Қазір бұл аумақтағы жер телімдері толық игерілген. Бас жоспарға сәйкес келесі жоба канал арқылы өзеннің арғы бетінде жүзеге асуы тиіс еді. Әлі де кеш емес деп ойлаймын.

Павлодарда жаңа шағын аудандардың пайда болуы халықты баспанамен қамтуға тың серпін берді. Тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асыруға жол ашты. Мәселен, «Алюминстрой» ауданындағы екі қабатты ескі үйлер сүріліп, орнына «Сарыарқа» шағын ауданы түсті. Бүгінгі күні бұл аудан толық салынып біткен.

Бұл осыдан екі жыл бұрын Сарыарқа шағын ауданында қолданысқа берілген жаңа мектеп. Жобалық қуаттылығы 650 оқушыға шақталған. Бірақ бала санының көптігінен екі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Оқушылар саны бүгінгі күні мыңнан асып кеткен.

Ләйлә Жүсіпова, Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің директоры:

- Әлихан Бөкейхан лицей-мектебінде 29 лицей сыныптары бар. Бастауыш сыныпқа жылда-жылда алты сыныптан тұратын 26 баладан 160–қа жуық бала білім алып жатыр. Осы Сарыарқа шағын ауданында ашылған мектеп осы тұрғындарға қызмет жасайды.

Қаланың байырғы тұрғыны Людмила Сокуренко ұзақ жыл бойы екі қабатты қамыс үйде тұрған еді. Көз алдында ескі «Алюминстрой» шағын ауданы сүріліп, су жаңа Сарыарқа ауданы бой көтерді. Зейнеткер қазір жаңа пәтерде тұрады.

Людмила Сокуренко, қала тұрғыны:

-Біз бұл ауданның салынғанын қаншама жыл күттік десеңізші. Міне, арманымыз орындалды. Жаңа кешенге тез үйреніп кеттік. Шынымды айтсам, өте бақыттымыз. Көз алдымызда көркейіп жатыр

Павлодар тұрғындары үшін тағы бір тың жоба жүзеге асып жатыр. Ол «Достық» шағын ауданы. Онда 20 мыңдай халық баспанамен қамтылатын болады.

Жангелді Шалғымбаев, Сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары:

-Бізде «жайлы мектеп», балабақша, сонымен қатар демеушілердің қаражатына мешіт жобасы қарастырылған. Екінші кезекте мұз айдыны, емхана және көпқабатты тұрғын үйлер тұр. Бұл жобаның үшінші кезегі де жоспарда бар.

«Достық» шағын ауданын айнала трамвай жолы түседі. Тағы бір мектеп пен оңалту орталығының құрылысы басталады. Маңызды жоба 2030 жылдарға дейін жалғасады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков