Хабар телеарнасы

Петропавлдық тұрғындар бүрсең қағып отыр

Петропавл қаласында орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған тұрғындар күздің қарасуығында бүрсең қағып отыр. Солнечный кентінде тұратын отбасылар өркениет игілігін үйге тартқызып алса да, әлі күнге дейін көмірмен пеш жағуға мәжбүр.

Қала шетіндегі Солнечный кентінде әрбір бесінші үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Солардың бірінде Мария Черёмушкина тұрады. Күл шығарып, от жағу бейнетінен құтылу үшін бірнеше миллион қарыз алған әйел енді өкініп отыр. Себебі суық үйде бүрсең қағуға мәжбүр.

Мария Черёмушкина, қала тұрғыны: 

- Енді көмір алатын ақшам да жоқ. Ол да қымбат қазір. Ал қыстап шығуға кем дегенде 5 тонна керек. Орталықтандырылған жүйеге қосылдық деп қуанып едік. Бәрі заяға кетті.

Орталықтандырылған жылыту жүйесі бұл жаққа 15 жыл бұрын тартылған. Тұрғындардың айтуынша, өркениет игілігі сол кезден бері дұрыс істемейді. Құбырлар қыста жиі жарылып, коммуналдық апаттар болып тұратын көрінеді.

Лидия Бурма, қала тұрғыны: 

- Біз комиссияның құрылғанын талап етеміз. Жауапты мамандар жылыту жүйесін толық тексерсін. Өйткені бұлары жарамайды. Мәселе тез арада шешілсін дейміз.

Үйде тоңып отырған тұрғындар сорғы станциясының салынуын сұрайды. Ал жергілікті билік өкілдері олардан ресми өтініш күтіп отыр.

Әсем Айтұлова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы: 

- Жылу құбыры қалалық әкімдікке, оның ішінде ТҮКШ бөліміне тиесілі. Тұрғындар егер де жаңағы құбырларды тексеріс қажет деп ойласа, онда қалалық әкімдікке келіп, өтініш жазып, жазатын болса онда комиссия құрылып, жаңағы тексеріс жасайтын болады.

Қазір үйлердегі ауа температурасы 10 градусқа дейін төмендеп кеткен. Сондықтан денсаулығына алаңдаған кейбір отбасылар туыстарының баспанасында тұрып жатыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков