Елімізде тозығы жеткен жеделсаты көп
Елімізде тозығы жеткен жеделсаты көп. Тек қолданыста болғанына ширек ғасырдан асқан 4 800-ден астам лифт болса, үш мыңы күрделі жөндеуді талап етеді. Себебі адам өміріне қауіп төндіреді. Бұл ретте мамандар жедел сатыларды жаңартып қана қоймай, оған қатысты барлық мәселені түбегейлі шешуді ұсынып отыр.
Нина Лобачёва лифт жұмыс істемейтіндіктен 7 қабаттағы пәтеріне баспалдақпен жүруге мәжбүр. 74 жастағы зейнеткер үшін әсіресе, көтерілу қиын. Ал жедел саты соңғы уақытта жиі сынады. Салдарынан егде жастағы әйел сыртқа шығуды да азайтқан.
Нина Лобачёва, Астана қаласының тұрғыны:
- Менің мұнда көшіп келгеніме 13 жыл болды. Осы уақыт аралығында тұрақты жұмыс істегені шамалы. Жиі бұзылады. Кенеттен тұрып қалғанда, ішінде адам қалып қойған жағдайлар да талай болды. Маман келіп жөндеп кеткенімен, көп ұзамай тағы істен шығады.
Ескірген жедел саты адам өміріне қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Тек биылдың өзінде лифтіде қалып қойған және абайсызда шахтасына құлаған бірнеше адам құтқарылды. Өкінішке қарай, оны қолдану кезінде адамның қайтыс болу дерегі де бар. Ал жуырда Қарағандыда салынып жатқан тұрғын үйдің бірінде лифт құлап, жұмысшы қаза тапты. Жарақат алған тағы бір адам ауруханаға жеткізілді. Бұл жағдай лифтшілердің ұлттық қауымдастығын алаңдатып отыр. Әсіресе, саладағы олқылықтың көптігінен проблема да аз емес,-дейді.
Ержан Игібаев, Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті:
- Біз үнемі дабыл қағып келеміз. Себебі 2021 жылдан бері лифт орнату кезінде 5 жұмысшы қаза тапты. Жарақат алғандардың саны да аз емес. Мәселе нарықта жедел саты орнататын аттестацияланған монтаждау ұйымдарынан бөлек, бұл істе тәжірибесі жоқ жеке кәсіпкерлердің көбейіп кетуінде болып отыр. Күтіп-ұстау ісінде де тек қана арнайы аттестация, сертификаты бар мамандар қызмет атқаруы тиіс. Әйтпесе, оқыс оқиғалар тыйылмайды.
Бүгінде еліміздегі тұрғын үй қорында 34 811 лифт бар. Оның 4 877-сінің жұмыс істегеніне ширек ғасырдан асқан. 3 271-іне күрделі жөндеу қажет. Ескі жедел сатылар негізінен Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында көп.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Жедел саты істен шықса жоғарғы қабатта тұратын тұрғындарға қиын. Әсіресе қарт кісілерге көтеріліп-түсу оңай емес. Жалпы лифтің қалыпты жұмыс істеу мерзімі - 25 жыл. Мәселен, мына үйдегі жедел сатының қызмет еткеніне ширек ғасырға жуықтаған. Мамандардың айтуынша, бір ғана лифт кабинасын жаңасына ауыстыру үшін шамамен 20-25 миллион теңге қажет.
Жедел сатылардың қалыпты жұмыс істеп, қолданушылар үшін қауіпсіз болуын жауапты органдар да бақылауға алған. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті өкілдерінің айтуынша, бұл бағытта тиісті жоспар бар.
Жанерке Сағымжан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері комитетінің баспасөз хатшысы:
- Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2019 жылдан бастап, 1 728 лифт ауыстырылады. Республикалық қаражат есебінен 2024 жылы 234 көп пәтерлі тұрғын үй шеңберінде 8 лифт ауыстырылу жоспарлануда. Жергілікті атқарушы органдардың өз қаражаты есебінен кондоминиум объектісінің меншік иелерінің лифтілерін қайтарымды негізде ауыстыру негізінде құқылы. Сондықтан 2024 жылға әртүрлі өңірлер бойынша жалпы 200-ге жуық лифтіні ауыстыру жоспарланған.
Ескі лифтілерді ауыстыру жұмыстары келесі жылы да жалғасын таппақ.
Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Мерей Талап.