Хабар телеарнасы

Атырау облысында жол құрылысы кестеден кешігіп жатыр

Биыл көктемгі тасқын кезінде Индер, Қызылқоға аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын негізгі күрежолдың 50 шақырымын су шайып, жарамсыз болып қалған еді. Алайда жаз бойы жырға айналған жол құрылысы аяқталар емес. Тасқын судың зардабын жоюға республикалық резервтен 5,4 млрд теңге бөлінген еді. Сол қомақты соманы мердігер мекемелер игере алмай жатыр.

Атырау-Индер күрежолының бойында 15 ауыл бар. Олардың негізгі тірлігі асфальт жолға тәуелді болғандықтан, тұрғындар жол құрылысының жедел және сапалы аяқталғанын қалайды. Әсіресе ауыл үстінен өтетін күрежолдың игілігін көре алмай отырған Жарсуат пен Бөдене ауылының тұрғындары мердігер мекеменің жұмысына наразы. 

Айбек Нұрғалиев, Бөдене ауылының тұрғыны:

- Обьезд, - дейді. Айналма жол: онан қала берді, барлығы қырылған. Қырылған жолдың өзінің де сапасы төмен. Ертең машиананы әрі-бері шайқайды салқындық болып, мұздақ тұрған жағдайда мына жолдар қауіп. Қазір уақытта кесіп-кесіп тастап кетті шұңқырларды. Соған қанша маншина соғылып жатыр.

Атырау-Индер тасжолының 50 шақырымын жөндеу «Теміржол құрылыс-Атырау» мекемесіне жүктелген. Бірақ мерзімінен 3 ай кеш басталған жол құрлысы биыл бітпейтін сыңайлы. Себебі Атырау облысында қазан-қараша айлары жаңбырлы болып тұр.

Өтесін Әбішев, мердігер мекеменің өкілі:

- Сәуір айында бастауымыз керек еді. Бастай алмай, шілде айында бастадық. Соған байланысты кішкене кешігіп жатыр жұмыс. Қазір 8 км-дей жабындысы төселді. Енді осы қыстың аяғына дейін, желтоқсанға дейін 25 км бітіруіміз керек.

Ержан Нұғыманұлы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы айтқанда, жолдың астыңғы қабатының 17 шақырымын жасап қойды. Енді ұсақ-түйек 12 шақырым асфальт төселді. Қосалқы мердігер мекеме қосылды. Қазір жұмыс өзінің бектіліген өндірістік кесетесіне сай жүріп жатыр.

Биыл көктемгі тасқын кезінде Атырау облысы бойынша «Доссор-Құлсары», «Индер-Қарабау-Миялы» облыстық күрежолы бойын 7 жерден су жарып кетті. 2 көпір істен шықты. Бүгінде негізгі жұмыс аяқталған. Тек Индер ауданындағы 50 шақырымдық жол құрылысының 30 шақырымы келесі жылы жалғасады.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин