Хабар телеарнасы

Агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты ұлғайды

Бұл ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін арттыруға алғышарт болып отыр. Өнеркәсіптік инвесторлар одағының деректеріне сенсек, елде ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің көлемі 263 млрд теңге және келесі жылы ол 300 млрд теңгеге дейін өсуі тиіс. Бұл бағытта 8 кәсіпорында тракторлар мен астық комбайндары шығарылады. 20 кәсіпорын тіркеме және аспалы техника мен жабдықтар шығарып жатыр. Еліміздегі ең ірі машина жасайтын орталық саналатын Қостанайда 25 мың бірлік торап пен агрегат және қосалқы бөлшектер жасалады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше әлемдік бренд – John Deere компаниясы Қазақстанда жергілікті қатысу үлесін кеңейту мақсатында меморандумға қол қойыпты. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде биыл астық экспорты едәуір ұлғайды.

10 айда арпа экспорты Иран тарпынан сұраныстың артуынан 69 пайызға өсті. Өзбекстан, Тәжікстан және Иран тарапынан сұраныс еселеп өскендіктен, жүгері экспорты 1,5 есе ұлғайған. Жасымық экспорты 7 есе өсіп, өнімнің дені Еуропаға жіберілді. Ауғанстан мен Өзбекстаннан бұршаққа сұраныс өсіп, оның экспорты 3 есе артты. Майлы дақылдарға Қытай тарапынан қызығушылық артып, май өнімдерінің экспортын 250 млн долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.