Мектеп асханасындағы тамақ сапасы сын көтере ме?
Мектептердің бірінде болған жағдай. Сақтау мерзімі бұзылған, әрі талапқа сай келмейтін күйде әзірленген тамақтарды қоғамдық белсенділер анықтаған. Осыған қарап кеше ғана Үкіметте айтылған оқушыларды тамақтандыру стандартын қайта қарау, асханалараға талапты күшейту шынында да орынды бастама дерсің. Белсенділер ата-аналар арасында сауалнама жүргізіпті.
Астың сақталуы адамды шошытарлық жағдайда болса, дайындалуы қандай?
Әділдік және өркендеу қоғамдық қорының белсенділері еліміздің әр өңірінде болыпты. Мемлекеттік мектептердегі асхананың бәрі былыққа батқан деуге келмейді. Дегенмен өз көздерімен көріп жағдайға қанығып қайтқан. Ата-аналар арасында әлеуметтік сауалнамада жүргізген.
Респонденттердің 45% мектептегі тамақтың сапасын жақсы, ал 8% өте жақсы деп бағалаған. 25% қанағаттанарлық десе, 10% өте нашар деп жауап берген. 12% «нақты жауабым жоқ» деген нұсқаны таңдаған.
Гүлжан Мархабаева, «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының баспасөз хатшысы:
-Бұл сауалнамаға еліміздің әр өңірінен 10 мыңнан астам ата-ана қатысты. 22% берілетін астың көлеміне қанағаттанбайды. Жалпы сауалнама нәтижесі қазақ тағамтану академиясына жіберілді. Оқу-ағарту министрлігіне жіберілді. Сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші ата-ана мектептегі тамақ сапасына қоғамдық бақылауға қатысқысы келеді.
Бұл мәселеге Үкімет те назар аударған сияқты. Жаңа талап бойынша мектептердің асханасына бейнебақылау камераларын орнату көзделуде.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
-Былтырдан бастап бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік осал топтағы отбасының балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп келеді. Қазіргі уақытта 1,7 млн оқушы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылған, бұған жергілікті бюджеттен 162 млрд теңге бөлінді.
Негізі осы қомақты қаржы ұрпақ денсаулығын нығайту үшін ажыратылды. Десе де ішінара керісінше көріністер орын алған. Тек биылдың өзінде мектеп асханасында балалардың тамақтан улануына қатысты 12 қылмыстық іс қозғалыпты. Жергілікті билікке де сұрақ көп. Мәселен, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктері сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті көңіл бөлмеген. Ал еліміздің 403 мектебінде асхана мүлдем жоқ. Осының бәрін ескеріп жыл соңына дейін тамақтану стандартын жаңарту тапсырылды. Құжат сарапшылар және ғалымдардың қатысуымен жасалуы керек. Айтпақшы қазір 1 балаға арналған тамақтану құны орта есеппен 500 теңгеден аспайды. Оның көлемін де қайта қарау тапсырылды.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков