ЖОО атом саласына қажетті инженерлерді дайындауды қолға алды
Елімізде атом электр станциясын салу бойынша референдум уақыты белгілі болғалы бұл тақырып қызу талқыланып жатыр. Ғалымдардың пікірінше атом энергиясы электр қуатының тапшылығының алдын алады. Ал еліміздегі кейбір университеттер осы салаға қажетті инженерлерді дайындауды қолға алды.
Ел экономикасын ілгері бастыру үшін бірнеше сала бір арнаға тоғысу керек. Қомақты инвестиция, озық өнертабыс және қуатты әрі тұрақты энергия көзі қажет. Электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етудің бір жолы – атом электр станциясы.
Күрделі жобаны жүзеге асыру үшін білімді инженер дайындау керек. Алматыдағы Сәтбаев университеті былтырдан бері осы салаға мән беріп отыр. Өткен жылы оқу орнында «Ядролық энергетика» мамандығы ашылды. Қазір 11 студент білім алып жүр.
Ержан Көлдеев, Сәтбаев университетінің проректоры:
-Мұнай-газ саласы болсын, геология саласы болсын, энергетика саласы болсын дайындап отырмыз. Бірақ мынау қазіргі энергетика саласында біз оны дамытып, болашақта ертеңгі күні біздің көміріміз де, мұнай-газымыз да таусылуы мүмкін. Бұл күні-түні 24/7 сағат керек дүние екені белгілі болып біз кадр дайындап жатырмыз.
Маман дайындауда Алматыдағы Ядролық физика институтының да тәжірибесі көп. 1957 жылы құрылған институт экологиялық тұрақты энергия көзін басқару, ядролық медицина саласында зерттеулер жүргізіп келеді. Мұндағы шағын реактор жарты ғасырдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының бас директоры:
-Ғылым әрқашан болашақтың алдында жүру керек, өйткені жақсы дамудың бағытын көрсету керек. Сондықтан біздің ойымызша осы атом электр станциялары осы 21-ғасырдың электр энергиясының көздері болып есептеледі. Ал, 22-ғасырды біздің шөбере, шөпшектеріміз Алла жазса басқарылатын термоядролық синтез содан электр энергиясының қуатын алады деген ойдамыз.
Ядролық физика институты осы саланы шетелдік ғалымдармен бірге талқылап, тәжірибе толықтырып келеді. Келесі айда Ядролық физика саласы бойынша бесінші халықаралық форум өтеді. Бес секцияның бірі атом электр станцияларына арналады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев