Хабар телеарнасы

Жетісу облысында 12 мың тоннадан аса қант өндірілді

Жетісу облысындағы қант зауыттары күн сайын тәтті түбір тиелген 250 жүк көлігін қабылдап жатыр. Күзгі науқан басталғалы қос кәсіпорынға 445 мың тонна қант қызылшасы түскен.

Өңір шаруалары биыл 13,5 мың гектарға осы дақылды еккен еді. Бүгінге дейін соның басым бөлігі жиналды. «Қазір 2200 гектар жерде жиын-терін жұмыстары жүріп жатыр», - дейді сала мамандары. 

Көксу зауыты күніне 2000 мың тонна қант қызылшасын қабылдап жатыр. Бүгінгі күнге дейін кәсіпорын аумағына 214 мың тонна тәтті түбір түсірілген. Жиналған шикізат шетінен өңделіп, 9 мың 150 тонна өнім шығарылды.

Айтбала Ботаева, Көксу қант зауытының жұмысшысы: 

-Зауыт тоқтамай жүріп жатыр. Үш ауысымда күндіз-түні қант. Біздің сменамыз – упаковка. Күндіз істейміз. Түнгі сменалар пісіріп, бункерлердің бәрін қантқа толтырып қояды. Сосын күндізгімен біріктіріп, қоймаға жөнелтеміз.

Жетісу облысының шаруалары үшін қант қызылшасы ең табысты дақыл болып тұр. Себебі өткізілген өнімнің әр тоннасы үшін жергілікті бюджеттен 25 мың теңге, кәсіпорыннан 15 мың теңге төленеді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары: «160 өтініш бойынша 3 млрд теңге субсидия берілді. Тағы осынша көлемдегі қаржы қос зауыт есебінен аударылды», - деп отыр. Бұдан бөлек өңірдегі өндірістің қуатын арттыру жұмыстары қолға алынған.

Алтынбек Абатов, Көксу қант зауытының директоры: 

- Қазіргі зауыттың қуаттылығы – 200 мың тонна. Бірақ биыл 250 мың тонна қабылдаймыз деп жоспарлап қойғанбыз. Қазір реконструкция біткен уақытта екі есе көбейтеміз. Зауыттың қуаттылығы 500 мың тоннаға шығады.

Ақсу және Көксу қант зауыттарынан 12 мың тоннадан аса қант өндірілді. Отандық өнім жергілікті сауда орындары мен әлеуметтік дүкен сөрелеріне қойылып, нарықтағыдан арзан бағада саудаланып жатыр.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов