Баспанамен қамту: жетім балалар кәмелет жасына жеткенде қайда барады?
Қоғамды алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Ол – жетімдерді баспанамен қамту. Елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар саны 21 мыңнан асып жығылады. 17 мың 182-сі отбасында, 3 мыңнан астамы балалар үйлерінде тәрбиеленуде. Олар кәмелет жасына жеткенде қайда барады? Мемлекет тарапынан жетімдердің тұрғын үй алуына жеңілдік қарастырылғанмен, бәріне бірдей баспана бұйырмайды.
Бұл – Оспановтар әулеті. Марат пен Жайнаның шаңырағында 15 бала тәрбиеленуде. Өздерінің 4 баласымен бірге түрлі ұлт өкілдерінен 11 баланы асырап алған. 4 баласы жоғарғы оқу орнында оқиды. Бір қыздарын былтыр ұзатыпты. «Балалар 18 жасқа толғанда қайда тұратындарын өздері шешеді»,– дейді отағасы.
Марат Оспанов, көпбалалы әке:
-Бүгінге дейін бір балам өзім ары қарай кетемін деп айтпапты. Қызыма айтсам 22-де, «жоқ, әкешім, қалам, бармаймын» деді. Көбісін байқаймын, әйелдер осы балалармен айналысады, күйеуі азанда кетеді, келген кезде де онымен сөйлеспейді. Бұл жұмыста ең бірінші айтайын дегенім, көп-көп сабырлылық керек.
Әрине, мұндай қадамға бару зор жауапкершілік. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу кезінде 1% квота көзделген.
Жанар Ислямова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
-Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға колледждерде 4186 теңге, жоғары оқу орындарында 47135 теңге көлемінде стипендия тағайындалады. Бұл жеткіліксіз.
Әрине жан-жақты қолдау бар. Бірақ жеткілікті деуге келмейді. Былтыр кезекте тұрған 62 290 азаматтың 809-ы ғана баспанаға қол жеткізген. Сенат депутаты да осылай деп дабыл қағып, Үкімет басшысына сауал жолдаған еді.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Бұдан бөлек, жастар арасында жұмыспен қамту шараларымен 188 663 адам қамтылса, оның небәрі 56-сы ғана жетім балалар. Шекті жасқа жеткен жетім балалардың баспана кезегінің бірнеше жылдарға созылып кетуіне байланысты арнайы «Баспана» бағдарламасын әзірлеп, жұмыс алгоритімін ұсыну. Жетімдерімізге оқу орнынан кейінгі арнайы жұмыспен қамту бағдарламасын әзірлеуді сұраймын.
Мамандардың айтуынша, жетімдерді әлеуметтік қолдаудан бөлек, оларды асырап алушыларға да талапты күшейткен дұрыс.
Лаура Исмайылова, Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға қолдау орталығы директорының орынбасары:
-Бір баланы алды, оның екінші бауыры ДЦП болды. Сол кісі өзінің де ДЦП баласы болғандықтан екі баланы алды да, ол игере алмады. Мен дайын емес екенмін, менің қолымнан келмейді деп екі бала қайтадан қайтарылды.
Дәл осы Балаларды қолдау орталығында бүгінде 84 бала тәрбиеленуде. Мұндағы мамандар «олар күн сайын анам келеді, ол ертең оралады» деп жәутең қағады дейді. Әрине әр бүлдіршін өз ата-анасының жүрек жылуы мен аялы алақанын сезініп өскенге не жетсін?! Сондықтан қаракөздеріміздің толыққанды отбасында тәрбиеленуі еліміздің бүгіні мен болашағы үшін маңызды екенін ұмытпағанымыз абзал.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Қали Несіпбаев