Қазақ күресінен әлем кубогі басталды. Спорт жаңалықтары
10 елдің үздіктері Түркістанда бас қосты. Бұнда қазақ күресінен Қажымұқан Мұңайтпасов жүлдесіне арналған Әлем кубогі басталды. Дүниежүзілік додаға Грузия мен Польша, Өзбекстан мен Тәжікстан, Қырғызстан мен Үндістан, Қытай мен Әзербайжан және Моңғолия мен еліміздің бірнеше өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Тартысқа толы жарыстың бірінші күні палуандар 5 салмақ дәрежесінде жүлделі орындарды бөліссе, екінші күні 3 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады. Сонымен қатар «Түйе балуан» бәсекесінің жеңімпазын да анықтайды. Жеңіске жеткен балуандарға 500 мың теңге, екінші орынға 300 ал қола жүлдегерлерге 200 мың теңге қаржылай сыйақы қарастырылған. Сондай-ақ «Түйе балуанға» темір тұлпардың кілті табысталады.
Таеквондодан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.
Алматы облысында таеквондодан, таеквондоның олимпиадалық бағытынан ересектер мен кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Ішкі біріншілікке еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық спортшы қатысты. Олар 16 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан қазылары төрелік еткен жарыста 63 келіде өнер көрсеткен Самирхон Абабакиров қарсылас шыдатпады. Ол финалда Нұрбек Ғазезден басым түсті. Сондай-ақ. Бегзод Қадірқұлов, Дамир Шуленов, Бауыржан Хасенов, Нұрлан Мырзабаев, Тамирлан Тілеулес, Бекасыл Ергеш және Батырхан Төлеуғали өз салмақ дәрежелерінде ел чемпионы атанды. Ал әйелдер арасында 53 келіде, Азиза Қаражанова 57 келіде, Мария Севостьянова және 73 келіден жоғары салмақта Меруерт Тікебаева жеңімпаз атанды. Бұған қоса, Айдана Құмартаева, Айша Әділбекқызы, Назым Махмұтова, Нодира Ахмедова және Нұрай Құсайынова да өз салмақтарында алтын жүлдеге қол созды. Жеңімпаздар алдағы жылы өтетін халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғайтын болады.