Әскери-әуе күштері жаңа екі ұшақ сатып алды
Еліміздің Әскери-әуе күштері жаңа екі ұшақ сатып алды. Бүгін Airbus A-400M ұшағының алғашқысы Алматы әуежайына қонды. Әскери ұшақ 37 тонна жүкті 8 мың шақырымға дейін тасымалдауға қабілетті. Ең жоғары жылдамдығы – сағатына 802 шақырым. 12 мың 200 метр биіктікке дейін көтеріле алады. Ауыр техника төтенше жағдай кезінде немесе гуманитарлық қызметке таптырмас көлік.
Ұшқыштар мен техникалық қызмет көрсетуші мамандар Испанияның Севилья қаласындағы Авиациялық даярлық орталығында білімін жетілдірген. Жаңа техниканы күтіп алуға Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Airbus Military еуропалық концернінің өкілдері, әскерилер мен оқушылар да барды.
Дәурен Қосанов, ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы:
- Біздің ұшқыштар мен инженерлік құрам арнайы оқудан өтті. Еліміздегі инфрақұрылым бұл ұшаққа толық техникалық қызмет көрсете алады. Біз қазір Алатау әуе базасында әскери-транспорттық хаб салып жатырмыз. Онда барлық мүмкіндік қарастырылады. A-400M ұшағына сол әуе базасында инженерлік қызмет көрсетіледі.