Хабар телеарнасы

Атырау облысына қарасты Азғыр өңірінде шаруалар қапалы

Атырау облысына қарасты Азғыр өңірінде бір орама шөптің бағасы 12-13 мың теңге тұрады. «100 рулонды 1,3 млн теңгеге сатып алдық. Оның субсидиясы биыл төленбей жатыр»,– деп Сүйіндік ауылдық округінің шаруалары дабыл қаққан еді. Азғыр - Құрманғазы ауданының Ресеймен шектесетін ең шеткі нүктесі. Ол Атыраудан - 600, аудан орталығынан 250-300 шақырым шалғайда орналасқан малды өңір. Мұнда аудандағы 635 шаруа қожалығының 60% орналасқан. 

Азғыр өңірі ежелден мал бағуға қолайлы өңір. Қиындығы, шабындық ауқымы шектеулі, негізінен жайылымдық жерлер. Соған қарамастан шаруалар биылғы қысқа барынша дайындалған. Қыстақтарда жиналған шөп жеткілікті. «Бірақ алыстан дайындалған мал азығының қымбатқа түсетіні қинайды»,– дейді шаруалар.

Рамазан Қожанов, жеке шаруа:

-250 рулондай шөп алдым. Енді алдағы уақытта төл алу науқаны келе жатыр. Мартта төлдейді малымыз. Соған барынша дайындығымыз бар. Субсидия мәселесі биыл берілмей қалды. Субсидияны былтыр алып едік. Үкімет жанынан төленбей жатыр.

Мереке Мансұров, шаруа қожалығының жетекшісі

-Осы жерде ата кәсіпті жандандырып отырғасын Үкіметтен сұрайтынмыз беріліп отырған субсидия ғой. Субсидия берілсе екен дейміз. Биыл 600-дей рулон дайындадым. 12-13 мыңнан алдық. Тракторымыз бар техникамыз бар, оған шабатын жеріміз жоқ. Соған Үкіметтен жер бөлінсе, ауыл шаруашылығына сондай көмектер болса деген ойдамыз.

Сүйіндік ауылдық округінде 56 шаруа қожалығы бар. Кеңестік жүйе кезінде мұнда 100 мың бас қой өсірген 2 асылтұқымды қой зауыты мен 35 мыңнан астам ірі қара болды. Тек шабындықтың тапшылғынан олар мал азығын көршілес Орал өңірнен сатып алады. Сол үшін де мемлекет қолдауына зәру.

Асқар Мұфтах, Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

-Былтыр осы округтен 28 шаруа қожалығы 169 млн теңге жаңағы субсидия алды. Соның 121 млны шөпке алынған субсидия. Енді жасыратыны жоқ мал шаруашылығының өзі субсидиясыз, дотация-көмексіз болмайтыны белгілі. Облыстық АШБ арқылы облыс әкімінің қаулысы дайындалып жатыр. Сол қаулы шыққаннан кейін білеміз.

Биыл Құрманғазы ауданындағы 635 шаруашылық өз күштерімен 164 мың тонна қысқы мал азығын дайындап алыпты. Бірақ бар табысы төрт түлікке тірелетін шаруалар тапқанымыз қысқы мал азығынан ауыспайды дейді. Осыған орай облыс әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, жағдайды зерделеуге кірісті.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин