ДСМ дәрі-дәрмек бағасын белгілеу тетігін қайта қарайды
Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын белгілеу тетігін қайта қарайды. Арнайы аудит тексеруінен кейін министрлік басшылығы осындай шешім қабылдаған. Жоғары аудиторлық палата дәрі-дәрмек сатып алу бойынша бірнеше миллиард теңге сомасында заң бұзушылықтарды анықтаған. Осыдан кейін жауапты министрлік халыққа тегін берілетін дәрі-дәрмектің тізімін қайта қарауды ұсынған. Кей сарапшы бұл бастамамен келіспей отыр.
Қазақстанда тегін дәрі-дәрмекпен қамту жүйесі 2005 жылдан бері енгізілген. Тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында отандастарымыз 400-ден аса дәрі-дәрмекті ала алады. Бірақ министрлік бұл тізімді қайта қарамақшы. Себебі кейбір ауруларға арналған дәрілерге сұраныс жоқ дейді.
Әділет Табаров, ҚР ДСМ Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы төрағасының орынбасары:
-Науқастар кейбір дәрілік препараттарды алмайды. Өтінімдердің көлемі жеткіліксіз болғандықтан, бірыңғай дистрибьюторден тапсырыс бере алмаймыз. Тәжірибе бұл тізімді қайта қарау керек екенін көрсетті.
Тегін дәрі–дәрмектер тізіміндегі 38 препаратты алып тастау ұсынылды. Оның 32-сі түрлі патологиялық ауруға қатысты. Ашып айтсақ, тізімде асқазан және ішек жарасы, гастрит, панкреатит, өт-тас ауруы, синусит, пневмония және де басқа да дерттің түрлері бар. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері: «Бұл адамның өліміне әкелмейді, әрі өмір сүру ұзақтығына әсер етпейді»,—дейді.
Әділет Табаров, ҚР ДСМ Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы төрағасының орынбасары:
-Жыл сайын бұл 32 дәріге бюджеттен жарты миллиард теңге жұмсалады. Біз босаған қаржыны басқа да созылмалы ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмекке бөлсек пе деп отырмыз. Себебі бұл аурулардың тізбесі - адам өмірі үшін қауіпті емес.
Ал кейбір сарапшылар денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен келіспейді. Бұл қазірдің өзінде қант диабетіне шалдыққан 5 мыңнан астам қазақстандыққа әсер етеді деп отыр. Себебі министрлік инсуллиннің тиімді түрін тегін дәрі-дәрмек қатарынан алып тастауды ұйғарған.
Руслан Зәкиев, қоғамдық қор директоры:
-Үнемдеудің салдары емге тікелей әсер етеді. Себебі науқастар басқа дәрі түріне көшетін болса, бұл олар үшін тиімсіз болуы мүмкін. Бұл жерде науқастардың хәлін ойлап жатқан ешкім жоқ.
Тәуелсіз сарапшылар да мұндай жаңашылдыққа қарсылық білдірді. Айтуларынша, министрліктің қаржыны тиімсіз жұмсау салдарынан қарапайым азаматтар жапа шекпеуі керек. Өйткені олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тұрақты ақша аударып отыр.
Талғат Омаров, Қазақстан тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының төрағасы:
-Мынау емделіп кетуге болады, мынау емделмепті, мынау өз денсаулығына қарамапты десе, миллион сылтауды табуға болады. Сөйтіп бәрінен бас тарта беретін болсақ, ендеше ол фондтың не керегі бар? Кеше аудиторский палатаның қаншама былықтарын әшкерелеп жатыр. Сол ақшаны не үшін жинап жатырмыз? Ұрлау үшін бе?
Мемлекеттік аудиторлар министрлікке қарасты ұйымдардың жұмысын да тексерді. Нәтижесінде, «СҚ-Фармацияның» дәрі-дәрмек бағасын 40%-дан 365% дейін жоғарылатқанын анықтады. Оған қоса, медициналық ұйымдар 2 млрд 800 млн теңгеге сатып алынған препараттардан бас тартқан. Кейін тауар жинақталып, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен соң 280 млн теңге көкке ұшты. Тексерістен кейін лауазымынан айырылғандар да бар. Бірақ қордаланған мәселе мұнымен шешілмесі анық. Сондықтан министрлік делдалдардан құтылып, дәрі-дәрмек бағасын реттеуді көздеп отыр.
Авторлары: Дана Әлиева, Қайрат Ақтөреев