Алматыда оқушыларды тегін тамақтандыруға бөлінетін қаржы көлемі ұлғаяды
Келесі жылы Алматы мектептерінде балаларды тегін тамақтандыруға бөлінетін қаржы көлемі 1,5 млрд теңгеге артады.
Бұл туралы қалалық Қоғамдық кеңестің отырысында белгілі болды. Әкімдік өкілдері мұны оқушылар санының өсуімен және білім беру, тәрбие ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастырудың жаңа стандартын енгізуге байланысты деп отыр. Жаңа құжат бойынша мектеп мәзірінде қант, тұз, ұннан жасалған тағам мөлшері азайтылып, көкөніс, жемістерге басымдық берілмек.
Жиында ведомствоаралық сарапшы топ мектептердегі тамақтанудың сапасын бақылау бойынша мониторинг нәтижелерін де жариялады. Тексеру барысында жұмыс құралдарын сақтау ережелерінің бұзылуы және санитарлық кітапшаның болмауы анықталған.
Гүлнәр Кәкімова, Алматы қаласы СЭБД Білім беру және тәрбие нысандарын бақылау бөлімінің басшысы:
- Мониторинг қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар жасадық. Сондай-ақ Наурызбай ауданында жоспардан тыс тексеру жүргізілді, оның нәтижесінде жеке кәсіпкерлерге 425 580 теңге көлемінде айыппұл салынды. Құқық бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.