Хабар телеарнасы

Жетісу облысында 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылады

Оның ішінде 121 жоба қазір іске асып жатыр. Бұл облыстың 2030 жылға дейінгі құны 2,6 трлн теңгелік 189 жобасы арқылы жүзеге аспақ.

Бүгін брифинг алаңында есеп берген Жетісу облысының әкімі экономикалық өсу әрі инвестиция тартуда Қорғас желісі мен «Достық» станциясының маңызы зор екенін айтты. Қытаймен шекаралас бұл аймақтардың көлік-логистикалық әлеуеті үлкен.

Айта кететін жаңалық – «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақта жүк және жолаушылар әуежайы салынғалы жатыр.

Жетісу – аграрлы өңір. Содан болса керек, ауыл шаруашылығындағы өсім биылғы 11 айда 3,7% болды. Облыс экономикасының ілгерілеуінде агроөнеркәсіптің рөлі басым. Биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 35 млрд теңге бағытталды, оның 23,3 млрд теңгесі – субсидия.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- 510 мың га егіс алқабына 872 мың тонна дәнді және 195 мың тонна майлы дақылдар егілді. Осы маусымда 266 мың тонна көкөніс және132 мың тонна картоп өндірілді.

Облыста төрт түліктің саны 2,5 млн басқа жетті. 2024-2026 жылдары жалпы құны 33,2 млрд теңге болатын 31 ауыл шаруашылығы жобасын іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 13 жоба осы жылы жүзеге аспақ. Өңірде қант саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жергілікті жұрт осы кезге дейін қанттан таршылық көрмеген. Ақсу қант зауыты былтыр жөндеуден өтіп, биыл толық қуаттылықпен жұмыс істеп жатыр.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Қант қызылшасының егіс алқабы 1,7 есеге ұлғайып, 13,7 мың гектарға жетті, 635 мың тонна тәтті түбір жиналды. Нәтижесінде екі қант зауытында 94 мың тонна қант өндіру жоспарланып отыр, оның ішінде қант қызылшасынан 64 мың тонна, қамыс құрағынан – 30 мың тонна.

2029 жылы Жетісу халқының 91,9% табиғи газға қол жеткізеді. Бұл да елді елең еткізер жаңалық. Сондай-ақ биыл тұрғын үй құрылысына 7,6 млрд теңге бөлінді.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 866 пәтер сатып алынды, оған 15,9 млрд теңге көзделген. Апатты тұрғын үй мәселелерін шешуге ерекше назарда. Былтыр облыста 348 пәтер апатты деп танылып, өткен жылы 1,3 млрд теңгеге 137 пәтер сатып алынды.

Білім беру саласына келсек, 2022-2024 жылдары жаңа 15 мектеп пайдалануға беріліп, 19 нысан күрделі жөндеуден өтті. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2023 жылы басталған 1800 орынды 2 мектептің біреуі биыл қолданысқа беріліп, екіншісі келесі жылға өтті. Жалпы 2025 жылы 7 мектепті салу жоспарланған.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Денсаулық сақтау саласында соңғы үш жылда 98 нысан пайдалануға берілді, оның 31-і жаңадан салынды. 61 блокты-модульді медициналық кешендер орнатылып, 6 нысан күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылдың өзінде 51 нысан бой көтерді, оның 25-і  –  жаңа құрылыс.

Өңірде халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған жұмыстар да жіті жүргізіліп отыр. Спорт саласында 18 нысан іске қосылып, 10 блокты-модульді спорт кешені орнатылды. Сонымен қатар Талдықорғанда Қазақстанда баламасы жоқ «Жетісу» волейбол орталығы және инвестор есебінен спортшыларға арнап салынған төрт қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Және жақында ғана инвестордың қаржысына Үстел теннисі орталығы ашылып, ол жастардың жиі жиналатын орнына айналып та үлгерген.

Құралай Жұмахан