Хабар телеарнасы

Көкжазық ауылының тұрғындары көгілдір отынға зәру

Жетісу облысы Көкжазық ауылының тұрғындары екі жылдан бері көгілдір отынды күтіп жүр. 2022 жылы басталған газдандыру жобасы соңына жетпей тоқтап қалған. Жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырған тұрғындар еш нәтиже шықпаған соң, біздің редакцияға хабарласқан екен.

Көкжазық ауылы өңірді газдандырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына енген. Алайда мердігер компания елді мекеннің орталық көшелеріне ғана құбыр тартқан. 

Арнұр Салов, Көкжазық ауылының тұрғыны:

- Бір организация келеді, басын бастап жасап келе жатыр еді, олар өзгеріп кетті, басқалары келді. Олар жұмысты бастамай жатып кетіп қалды. Негізі өзгерістер жақсы. Ауылда өзгерістер жүріп жатыр. 2 жылдан бері жол жасап басталды, бірақ жартылай тоқтап қалды. Газ жасалып басталды, ол да жартылай тоқтап қалды.

Арслан Ержанов, Көкжазық ауылының тұрғыны:

- 3 жыл бойы басын бастайды да, қайтадан жоқ боп кетеді. 4-5 компания ауысып кетті  осы біздің ауылымызға газ тартып жатқан. Басын бастайды да, кетіп қалады.

Ауыл тұрғындары алдағы қыста тағы көмір жағатын түрі бар. «Сондықтан осы бастан отын қорын дайындай берген жөн», - дейді облыстық  тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев. Себебі бұрынғы мердігер міндетін орындамағандықтан, арадағы келісімнің күші жойылған. Енді газ құбырын тарту жұмыстарына қайтадан мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылады.

Айдос Бекетаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Бұрынғы мердігерлік компания «Ремстрой» деген болатын. Біз онымен келісімшартты бұздық. Олардың келісімшарты 1-ші маусымға дейін болған. Осы уақытқа дейін жұмыстар жасалмады. Біз оларға уведомление бердік. Хат жаздық. Шоттарын арестке қойдық. Қазір сот процестері жүріп жатыр. Биыл газды біз енді қараша айына дейін кіргіземіз деп уәде бере алмаймыз.

Көкжазыққа газ құбырын жүргізетін ендігі мердігер шілде айында белгілі болмақ. Мамандар құбыр тарту жұмыстары кемінде 9 айға ұласатынын айтады. Ал Көкжазықпен көршілес Қаратал ауылының тұрғындары үшін көгілдір отынның игілігін көретін күн алыс емес. Жыл бұрын басталған жұмыс аяқталуға жақын.

Еркінғали Рақыманов, шебер:

 - 20% жұмыс қалды. Күзге дейін 24-тің аяғына дейін бітіреміз, бітіруге тырысамыз. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Жалпы бізде 28 километр. 28 километрдің 3 километр 200 метрі қалды.

Жалпы Жетісу облысы бойынша жыл соңына дейін 30 елді мекенге газ қосылуы тиіс. Оның 9-ы – Ескелді ауданына қарасты ауылдар. 

Елдос Кәкенов, Гульнар Жантасова, Куаныш Тургенбаев